Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонда өткен «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты. Кездесу Ақ үйде өтті. Президент әуелі тарихи жиынды ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президентіне алғыс білдіріп, бұл саммит Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың халықаралық саясаттағы рөліне ерекше тоқталып, оны көрнекті мемлекет қайраткері ретінде бағалады. Сапар аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын бірқатар келісімге қол қойды. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен АҚШ-тың экономикалық әлеуеті жарты триллион доллардан асады. Бұл серіктестік энергетика, сирек кездесетін минералдар, өнеркәсіп, көлік, қаржы, жасанды интеллект және білім салаларын қамтиды. Президент америкалық компанияларды Қазақстанда инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайды пайдалануға шақырды. Сонымен қатар оларға тікелей қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан мен АҚШ арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуды ұдайы қолдап келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Ақ үйде Президент лауазымын атқарған алғашқы кезеңде біздің қарым-қатынасымыз кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде заңнамалық тұрғыдан бекіді. АҚШ – Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвесторымыз, экономикамыздың қозғаушы күші саналады. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард доллар межесіне жуықтады. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді.

Бөлісу