АҚШ-та шатдаун 35 күнге жалғасты
АҚШ Конгресі бюджет туралы келісімге әлі келген жоқ. Үкімет жұмысы әлі тоқтап тұр. Мыңдаған мемлекеттік қызметкер мәжбүрлі еңбек демалысында. Қалғандары жалақысыз жұмыс істеуге мәжбүр. Шатдаун елдің ішкі өміріне ғана емес, жаһандық нарықтарға да әсер етіп отыр.
Құрама Штаттарда үкіметтің жұмысы 35 күн қатарынан тоқтап тұр. Шатдаун әрі қарай жалғаса бере ме? Бұл сұрақтың жауабы әзірге жоқ. Үкіметтің қаржыдан қағылуына демократтар мен республикалықтар бірін-бірі айыптап отыр. Жақында жүргізілген сауалнамаларда респонденттердің 50 пайызы басты кінәні республикалықтарға, 43 проценті демократтарға артады.
Майк Джонсон, Өкілдер палатасының спикері:
Ресми түрде бұл АҚШ тарихында екінші ұзақ шатдаун. Демократтар газлайтинг пен жалған ақпаратқа жол беріп жатыр.
Хаким Джеффрис, Өкілдер палатасындағы демократтар лидері:
Бұл Трамп жасаған шатдаун. Демократтардың ұстанымы сол күйінде қалады. Бұл мәселені қос партияның көңілінен шығатын жол іздеуге әзір кез келген республикалықпен талқылауға дайынбыз. Америкада тұру қымбат. Бұл ел тым қымбат. Дональд Трамп пен оның тарифтері жағдайды нашарлатып жатыр.
Бұл саяси текетірестің соңы көрінбейді. Шатдаунның ұзақтығы жағынан рекорд орнағалы тұр. Бұдан ұзақ бірінші шатдаун да Трамптың бірінші президенттігі тұсында болған. Сенат Өкілдер палатасы қабылдаған уақытша қаржыландыру шарасына он шақты рет қарсы дауыс берді. Алайда заңшығарушылардың бірде-бірі өз ұстанымын өзгертетін емес. Республикалықтар Сенатта көпшілік орынға ие, алайда бюджетті қабылдау үшін демократтардың кем дегенде 7 дауысы қажет. Демократтар болса, үкіметті қаржыландыруды қолдап дауыс беруге келіседі, бұл үшін медициналық сақтандыруға кейбір субсидияларын ұзартуды талап етті.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Үкіметтің жұмысын ашу қажет. Бұл үшін 14 мәрте дауыс бердік. Ал олар елдің жабық болуы үшін дауыс беріп жатыр. Бұл үшін тек 5 демократтың дауысы қажет.
Тығырыққа тірелудің салдарынан шығын күн сайын артып жатыр. Мемлекетті қаржыландыру тоқтаған күннен бастап 750 мыңдай федералдық қызметкер ақысыз демалысқа жіберілді. Қалғандары жалақысыз жұмыс істеуге мәжбүр. Әуежайларда мыңдаған ұшақ рейсі тоқтады. Себебі әуе қозғалысын реттеуге жауапты персонал жетіспейді. Мәселе ушықса, әуе кеңістігі жабылуы мүмкін. Шатдаун басталғалы 3 млн 200 жолаушы жолынан қалған. Американың туризм саласы 4 млрд доллардан астам шығынға батқан. Оның үстіне 42 миллионға жуық америкалық азық-түлік көмегінен айырылды. Себебі мұндай жәрдем беретін SNAP бағдарламасы бойынша қаржыландыру тоқтады.
Джессика Алисея, тұрғын:
Адамдар тегін тамақ, су, баспана және медициналық көмекке лайық екенін есте ұстау маңызды. Бұл шынымен солай. Енді көмекке аса зәру жандар мұндай бағдарламасыз қалды. Тегін жәрдем алатындардың көбі - мүмкіндігі шектеулі жандар.
Шатдаун қазанның бірінен бері жалғасып
келеді. «Рейтердің» мәліметіне сай, бұл дағдарыс ел экономикасына 7-14
млрд доллар шығын әкеліп, төртінші тоқсанда жалпы ішкі өнім 2 пайызға қысқаруы
мүмкін. Жалғаса берсе, оның зардабын тек АҚШ емес, бүкіл әлем сезінеді. Жаһандық
өсім баяулауы ықтимал. Трамптың сауда соғысына қатысты шиеленіс онсыз да бар. АҚШ-тағы
шатдаун бұл белгісіздікті күшейтіп, нарықты құбылтып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы