Басты Жаңалықтар Жамбыл облысының оқушылары әкімдікте оқуға мәжбүр

Жамбыл облысының оқушылары әкімдікте оқуға мәжбүр

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында ауылдық әкімдік әмбебап нысанға айналды. Өйткені онда оқушылар сабақ оқиды, ал бүлдіршіндер балабақшаға барады. Кешкісін болса, кезекші полицейлердің кеңсесіне айналады.  

Осылайша Күшаман ауылының мектеп оқушылары мен мемлекеттік қызметшілері бір дәлізді бөлісуге мәжбүр. Өрендердің өз мектебі апатты деп танылған. Салдарынан жеткіншектер 7 айдан бері 8 бөлмеге сыйысып отыр. 700 тұрғыны бар елді мекенде өзге әлеуметтік нысан жоқ. Сондықтан ғимарат үш мекемеге үлестірілген. Мұғалімдер сынып жетіспегендіктен қосымша қабырғалар тұрғызып, бөлмелерді бөліп алған.

Нұржан Сәденов, мектеп директоры:

Кабинеттер тар, көріп отырсыздар. Ыңғайластырылып отыр. Менде де кабинет жоқ. Мұғалімдердің өзінде отыратын кабинет жоқ. Бәріміз дәлізде жүрміз. Ары кетсе 1-2 жыл шыдармыз.

Тар бөлмелерде 123 оқушы екі ауысымда оқиды. 70-ке жуық мұғалім сабаққа дәлізде дайындалады. Ал 30 жылдан асқан ескі мектептің іргетасы опырыла бастаған соң сараптама қорытындысымен сүрілмек. Білім бөлімі келесі жылы жаңа мектеп салынатынын айтты.

Мәлік Мұқашов, аудандық білім бөлімінің басшысы:

Қазіргі таңда сметалық құжаты әлі нақтыланған жоқ. Биылғы жылдың аяғына дейін нақтыланып, қаржысы беріледі деп жатыр. Сыйымдылығы 100 оқушыға арналып есептеліп отыр. Ал енді негізгі бұрынғы апатты ғимараты 300 орындық балаға арналған еді.


Бөлісу