Шымкенттік Бибіажар Иманбекқызы ежелгі тоқыма өнерін көпке танытып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттік Бибіажар Иманбекқызы ежелгі тоқыма өнерін көпке танытып келеді

14.12.2018

Қолөнер - ұлттың болмысы. Өткені және келбеті. Шымкент қаласында тұратын Бибіажар Иманбекқызы атадан балаға мирас болған осы кәсіпті асқан ыждаһаттылықпен және шеберлікпен жалғастырып келе жатқан жан.  Бүгінде ол қазақтың ежелгі тоқыма өнерін жаңғыртып, оны жаңаша өрнегімен, айрықша бедерімен көпке танытып келеді.

 

Шебердің қолынан шыққан бұйымдардың барлығы малдың жүнінен жасалған. Сырмақ, алаша секілді төсеніштен бастап,  тұрмыстық заттар, үйдің жасау-жиһазы, тіпті кәдесыйлардың өзі киізден ойылып, жіптен тоқылған. Ісмер ою-өрнектің сәнді де, нақышты көрінуіне барын салады. Мұндайда қолданыстан шығып қалған кейбір ұлттық бұйымдардың өзі бүгінгі күнге сай сәнді де, жарасымды дүние боп шыға келеді.

   

Бибіажар Иманбекқызы, қолөнер шебері:

Мынау қоржын. Оның аузына дейін бұрын қандай болды, солай ескі тәсілмен жасалған. Ал, қолымдағы сөмке бұрынғы қолдорба. Қазіргі жастар осыны ұстауға құмар. Ішіне керектісін салып жүргенге ыңғайлы.

 

Жүн мен киіз – таза табиғи өнім. Оның үстіне, байырғы ұлттық қолөнерімізді айшықтайтын дүниелер. «Сондықтан да, әрбір жасаған бұйымым арқылы өркениетіміз ерек, әрі оның тамырының тым тереңде екенін танытқым келеді»,- дейді шебер

 

Бибіажар Иманбекқызы, қолөнер шебері:

Қазақтың  қолөнер бұйымдары ежелден келе жатыр. Киіз басқан, алаша тоқыған, Бау, басқұр, қоржын, міне, осының бәрі өмірге қажетті заттар. Бұларда үлкен тарих жатыр.

 

Өнер - ұрпаққа аманат. Шебердің ісін бүгінде немересі үйреніп, жалғастырып келеді. Мектептің екіншісі сыныбында оқитын Риана бүгінде өз бетінше өрнектеп гобелен тоқи береді.

 

Риана Баян, немересі:

Мен өскенде әжемнің көмекшісі болғым келеді. Ол үшін мен күнде әжеммен көп жұмыс істеймін. Ол бәрін үйретеді. Мен қазір гобелен тоқи аламын. Моншақ өткіземін және аздап шашақ істей аламын.

 

Алты жасынан бастап қолына ине ұстаған Бибіажар Иманбекқызы ұзақ жыл жоғарғы оқу орнында ұстаздық етті. Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі. «Қазақстанның һас шебері» дейтін атағы тағы бар. Оның дипломдық жұмысы ретінде түйе жүнінен иіріп, тоқыған түкті кілемі студент кезінде-ақ Санкт Петербургтегі Эрмитажға қойылып, қазақ өнерін көпке паш еткен болатын. 

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу