Басты Жаңалықтар Елімізде құлағы кеміс балаға ота жасайтын маман жоқ

Елімізде құлағы кеміс балаға ота жасайтын маман жоқ

Қазақстанда туабітті құлағы кеміс үш мыңнан аса балаға ота жасайтын маман жоқ. Салдарынан ата-аналар шетелдік дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Мысалы, АҚШ-та мұндай операцияның құны 50 миллион теңгеден басталады. Осы бағыттағы жетекші отохирург, америкалық дәрігер Джозеф Роберсон Алматыға арнайы келіп, балаларды қабылдады.

9 жастағы Айарудың бір құлағы мүлде естімейді. Анасы Гүлбану АҚШ-қа барып, қызын емдетуді армандайды. Өткен жылы Роберсонның қабылдауында болған отбасы биыл да кеңес алуға қайта келіпті.

Гүлбану Сұлтанқызы, Айарудың анасы:

Бұл жерде дәрігер 1 балдан 10 балға дейін балаларды бағалайды. 10, 9, 8, 7 балл операцияға жарамды балалар. Құлағын тесуге мүмкіндігі бар балалар. 5 балл 50/50. Ал 4, 3, 2, 1 балл деген тек қана имплант орнататын мүмкіндік.

Айарудың толық естіп кету мүмкіндігі аз болса да, анасы келесі жылы АҚШ-қа баруға бел байлап отыр. Микротия – құлақ қалқанының дамымауы, атрезия – құлақ тесігінің болмауы. Бұл патология елімізде жүйелі зерттелмеген.

Джозеф Роберсон, отохирург:

Баланың туа бітті құлағының естімеуіне себеп көп. Бұл генетикалық емес себептерге көбірек байланысты. Сондықтан біз мәселенің түпкі себебін жақсырақ түсінбейінше, бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Біз жылдар бойы хирургия мен емдеу сапасын жақсарту бағытында жұмыс істеп келеміз. Тәжірибе алмасып, балақайларға көмек қолын созуға әрқашан дайынбыз.

25 жылдық тәжірибесі бар білікті дәрігер Джозеф Роберсон Алматыда Қазақстанмен қатар Ресей, Қырғызстан, Моңғолия мен Өзбекстаннан келген балаларды қабылдады. Ол бүгінге дейін 660-тан аса бүлдіршінге операция жасаған. Оның 13-і қазақ балалары. Ал елімізде осы диагнозбен  үш мыңнан аса жеткіншек шетелдік дәрігерлердің көмегіне зәру.


Бөлісу