Бурабайда дәстүрлі бүркітшілердің «Қансонар-2018» халықаралық жарысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бурабайда дәстүрлі бүркітшілердің «Қансонар-2018» халықаралық жарысы өтті

13.12.2018

Бурабайда дәстүрлі бүркітшілердің «Қансонар-2018» халықаралық жарысы өтті. Доданы еліміздің құсбегілерінен өзге, алыс-жақын шетелден келген меймандар да тамашалады. Бас жүлдеге автокөлік тігілгендіктен бәсеке де тартысты болды. Жарыс және бабы мен бағы қатар шапқан саятшылар туралы Ермек Елберген баяндайды. 

Бұл жігіттер - саятшылықты серік етіп ата дәстүрді жалғаған бекзат өнердің иелері. Биылғы жарысқа қатысқан 50-ден астам құсбегінің қатарында балалар да бар. Ең кішісі - 10-да.

Ерасыл Серпекұлы,  құсбегі:

Атам бар кезде атамның жанында жүрдім, әкем атамнан үйренді. Әкем  мені жарыстарға апарып жүреді. Әкемнен құсбегіліктің сырын үйрендім. Ұстап жатқаным қаршыға. Аты - Қаршыға. Жарыстарға ителгі, қаршығамен шығып жүрмін. Әкем жарыстарға мені де апарады. Жүлде аламыз. 

Халықаралық жарыс екі күнге жалғасты. Құсбегілер алдымен бүркітті еркін ұшырып, қолға қондырды. Ал жартылай финал мен ақтық сайыста қырандарын аңға салды.

Бергенбай Тастанбек, бүркітші:

Әр құсбегінің өзінің сыры бар. Атадан балаға мирас болып келе жатқан дүние ғой. Сол кім, қалай үйренді. Әркімнің өзінің тәсілі болады. Ұшыруы әртүрлі. Талдап айта алмайсыз да, бабы әр түрлі. Жарыс жақсы ұйымдастырылып жатыр. Жақсы жер таңдалған. Ауа райы да жақсы. Құстарға қолайлы. 

Сайысқа келген шетелдіктер көп болды. Венгрия, Катардан жеткен мәртебелі меймандар саятшылық өнерге таңданысын жасырмады. Сондай-ақ, қандасымыз, әлемге әйгілі бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызының додаға келуі құсбегілерді қанаттандырды.

Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші:

Бурабай тауына алғаш рет келдім. Өте күшті әсер алдым. Мұнда бүркітшілерді көрдім. Қалай шақырып, қалай бүркіттерін баптайды. Өте қуаныштымын. Негізі көбінесе, айырмашылығы жоқ, бәрі бірдей деп ойлаймын.

Саятшылық өнердің хас шебері Мәсіп Батырханұлын еске алуға арналған бүркітшілер жарысы осымен 13-ші мәрте ұйымдастырылды. Жыл сайын құсбегілер сайысының ауқымы да кеңейіп келеді.

Шынарбек Батырханов, ұйымдастыру алқасының мүшесі:

Жылдан жылға, мінеки, Бурабай жерінде өткізіліп отырған халықаралық турнирдің деңгейі өсіп келеді. Қатынасып жатқан елдердің саны өсіп жатыр. Бүркітшілердің келіп жатқан саны көбейіп жатыр. Сондықтанғ, мен ойлаймын Көкше жері, Ақмола облысы барлық аймақтарға өзінің еңбегін көрсетіп жатыр. 

Финалға шыққан үш бүркітшінің ішінен көкшетаулық Руслан Тумырзиннің Ақиық атты бүркіті қарсақты көпке ұзатпай бүріп алып, иесіне жеңіс сыйлады. 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу