Дональд Трамп пен Си Цзиньпин бірқатар келісімге келді
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Оңтүстік Кореяда кездесті. Пусан қаласындағы екіжақты жүздесуді Трамп сәтті кездесу деп атады. Алайда кейбір бұқаралық ақпарат құралдары кездесудің ойдағыдай өтпегенін хабарлап отыр. Сарапшылар да шешілмей қалған мәселелердің бар екенін айтады.
Бұл – Дональд Трамптың қаңтарда билікке келгелі Қытай лидерімен алғаш жүздесуі. Жабық есік форматында өткен кездесу 1 сағат 40 минутқа созылды. Бұдан соң президенттер баспасөз мәслихатын өткізген жоқ. Си Цзиньпинмен болған келіссөз нәтижесін Дональд Трамп One Air Force ұшағында журналистерге айтып берді. Ал Қытай төрағасы бұған қатысты әзірге мәлімдеме жасамады.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Керемет кездесу болды. Ол күшті, қуатты Қытай елінің лидері. Бірқатар маңызды шешімдер қабылдадық. Талқыланбай қалған мәселе аз болды.
Ақ үй басшысының айтуынша, Вашингтон қытайлық тауарларға тарифтерді 57 пайыздан 47-ге дейін төмендетті. Бұған жауап ретінде Бейжің АҚШ-қа фентанил есірткісінің компоненттерін экспорттауды тоқтатуы тиіс. Cонымен бірге Қытай АҚШ-тан соя сатып алуды, сирек металдарды экспорттауды жалғастырады. Трамп сәуір айында Қытайға сапар шегетінін мәлімдеді. Си Цзиньпинмен кездесуде Тайвань мәселесі қозғалған жоқ. Тараптар Украинадағы соғыс бойынша бірлесе жұмыс істеуге келіскен.
Америкалық тараптан кездесуге мемлекеттік хатшы Марко Рубио, сауда өкілі Джеймисон Грир, қаржы, сауда министрлері мен тағы бірқатар өкіл қатысқан. Ал Қытай жағынан сыртқы істер министрі Ван И, оның орынбасары, Мемлекеттік кеңес вице-премьері тәрізді бірқатар лауазымды тұлғалар барды. Си Цзиньпин Трамп президент болған 9 ай ішінде екеуі 3 мәрте телефон арқылы сөйлесіп, хат алмасқанын айтты. Қытай мен АҚШ дос және серіктес болуға тиіс деді.
Си Цзиньпин, Қытай төрағасы:
Ойымыз әркез бір жерден шыға бермейді. Әлемнің екі жетекші экономикасы арасында ара-тұра келіспеушіліктердің болуы - қалыпты нәрсе.
Кездесу нәтижесіне қатысты нақты ресми мәлімет кейінірек мәлім болады. Сарапшылардың пікірінше, Пусанда өткен бүгінгі сауда келіссөзі - тұрақсыз қарым-қатынастарды уақытша жүйелеуге бағытталған оң қадам. Алайда «Төрт Т» шешусіз қалған. Олар: Тайванның мәртебесі, тасымал, тикток және технологиялар. АҚШ және Қытай басшылары бұл өзекті мәселелердің шешімін таба алмаған тәрізді.
Чун Чжа Янь, саясаттанушы:
Жүзеге асыру әрине ұзақ уақыт алады. Тез болуы да мүмкін. Оң белгілер бар сияқты. Алайда олар тұрақты, маңызды бола ма, жоқ па - белгісіз. Не болатынын күте тұруға тура келеді.
Си Цзиньпинмен жүздесуден бірер минут бұрын Трамп Truth Social желісінде АҚШ ядролық сынақтарын қайта жаңғыртатынын жазып, бұған Қытайды да қосты. «Ресей екінші, ал Қытай үшінші орында қалып барады. Дегенмен 5 жылда теңеседі», - деп жазды. АҚШ ядролық қаруды 33 жыл бойы сынақтан өткізбеген. Қытай лидерімен келіссөзден соң Трамп Вашингтонға ұшып кетті. Ал Си Цзиньпин Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммитіне қатысады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы