Алматыда тау бөктерінде құрылыс жүргізуге мораторий жарияланды
Алматы әкімдігі тау бөктерінде құрылыс жүргізуге мораторий жариялады. Енді әлеуметтік және туристік нысандарды қоспағанда көппәтерлі тұрғын үй мен тұрғын кешендерін салуға тыйым салынады. Егер нысан әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіретін болса, тығыз құрылысқа жол берілмейді.
Қала мәслихатында қабылданған бұл шешім - тау бөктеріндегі бақылаусыз құрылысқа қарсы жасалған нақты қадам дейді әкімдік өкілдері. Мұндай аймақтарда инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым жетіспейді. Ал тұрғын санының артуы экологиялық және қауіпсіздік мәселесін күшейткен.
Дулат Тастекей, қалалық мәслихаттың депутаты:
Негізгі себебі салынған тұрғын-үй кешендерінде тұратын адамдардың саны көбейді. Оған қажетті инфрастуктура қалада жеткіліксіз. Себебі бұл кезінде облыстардың Қарасай ауданынан Талғар ауданынан кірген жерлер. Ол жерде ешқандай коммуникация жоқ, су жетіспейді, жылу жетіспейді. Ол жерде канализация, газ жетіспейді.
Тұрғын үй салу қарқыны артқан сайын тау бөктерінің табиғи бедері мен тұрақтылығына да қауіп төнген. Мамандардың айтуынша, мұндай аймақтарда көшкін жүру қаупі өте жоғары. Ал ауыр бетон араласатын құрылыстар жер қыртысын әлсіретіп, табиғи тепе-теңдікті бұзады.
Диляра Сейітнұрова, ҚР Құрылысшылар одағының мүшесі:
Біздің ойымызша, ол негізінде дұрыс мәселе. Көп уақыт бойы талқыланған мәселе. Оны бекіткеніне біз де қуаныштымыз. Адам өміріне таулы қыраттарда, тау бөктерінде салынған көпқабатты үйлер өте қауіпті деп санаймыз.
Мәслихат отырысында әкімдік өкілдері құрылысқа рұқсат беру жүйесіне де бақылау күшейтілетінін атап өтті. Қаланың бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары қайта қаралады.
Бейбіт Шаханов, қала әкімінің орынбасары:
Осы іс-шаралар шеңберінде рұқсат беру процесіне бақылау күшейтілді. Толық жоспарлау жобалары қайта қаралуда. Жаңа әлеуметтік нысандар мен нөсерлік кәріз жүйесін салу жоспарлануда.
Мамандардың айтуынша, бұл шектеу қаланың табиғи ортасын сақтап, тау беткейлерін нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіріп, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға ықпал етпек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы