«Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері Күршімде өнер көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері Күршімде өнер көрсетті

12.12.2018

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында Өскемендегі «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері өнер көрсетті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы сапар кезінде балғындар өлке тарихымен танысып, табиғатын тамашалап қайтты.

Күршімде өнер көрсетуге 60-қа жуық өрен келді. Өскемендегі «Үміт» балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан олар аудандағы тарихи-өлкетану мұражайындағы жәдігерлерді тамашалады. Білім ордаларына да саяхат жасап, қатарластарымен бірге тәрбие сағатына қатысты.

Әйгерім Тұрғанбаева, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі:

- №3 гимназия мектебінде болып, оқушылармен таныстық. Ю.Гагарин атындағы орта мектептің кадет сыныбымен танысып, олармен бірге тәрбие сағатына қатыстық.

Өнерліге - өріс кең. Дарынды жеткіншектер көптеген шет мемлекеттерге де шығып, өнерлерімен  паш етіп жүр. Испания, Франция, Сочиде өткен фестивальдерде сан мәрте топ жарып, қазақтың биімен талайды тамсандырған. Түркияға 4 рет қатарынан барып қайтқан.

Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер осыған дейін Зайсан, Глубокое және Алтай аудадарында концерт қойды. Таяуда ғана Сыр өңірінде қонақ болып қайтты. Мұндай сапарлар үнемі тағылымды кездесулерге толы.

Сәуле Әлімбаева, «Үміт» балалар үйі директорының орынбасары:

- Концерттік бағдарлама ғана емес, дөңгелек үстел, семинар, конференция болады деп айтса, балалар сол тақырыпқа дайындалады. Одан кейін баратын жақтың балалары дайындалады. Сөйтіп, тәжірбие алмасу жұмыстары жүргізіледі.

Тағдырдың тәлкегімен жетім атанған, көңілі жарым, жүрегі жаралы балғындардың өнеріне ауыл халқы тәнті болды, көп адамның көзіне жас үйірілді. Әкенің қамқорлығы мен ананың мейіріміне зәру жәудіркөз жеткіншектерге Күршім жұрты барынша алғысын жаудырып, сый-сияпат жасады.

Хасен Закария, ауыл тұрғыны:

- Балалар жер көреді, елдің ықыласына бөленіп, қанаттанып, серпіліп қалады. Мешітке шақырып, имам және қажылыққа барып келген ақсақалдар баталарын беріп, өздерінің шағын сыйлықтарын беріп, арқаларынан қақты. Мұның өзі кішкентай жетім балаларға үлкен мейірім.

Күршімдіктердің ыстық ықыласы мен шексіз мейірімі балалардың да көпке дейін есінен кетпесі белгілі. Ұмытылмас сәттің бірі – бір жағадан екінші жағаға пароммен өткен кез. Өйткені, олар ақ қар, көк мұзды жара жүзген кемеге алғаш рет отырды.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу