Отырар - өркениет ордасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отырар - өркениет ордасы

11.12.2018

Отырар - Қазақстанның орта ғасырлық тарихын әйгілейтін ежелгі өркениет ордасы. Сондықтан,  Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында аймақтың ерекшеліктерін насихаттау және саяхатшыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту жайына айрықша тоқталды.  Өйткені, мұндай игілікті істер тарихи санамызды жаңғыртып, халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтын болады. 

Ежелгі Отырар қалашығы мен оның төңірегіндегі тарихи орындарда археологиялық зерттеу жұмысы басталғалы 50 жыл болды. Осы уақыт аралығында жер қойнауынан моңғол шапқыншылығына дейінгі және 16 ғасырларда тіршілік еткен қоныстардың орны аршып алынды. Сол кездегі өндіріс орны - құмырашылар алаңы, монша, мешіт қалпына келтірілді. Сондай-ақ, бүгінде туристер шаһардың күрделі қорғаныс жүйесі саналатын - Оңтүстік қақпаны да қызықтай алады. Ендігі жерде бұларды жәй жәдігер түрінде ғана емес, Отырарды еліміздегі ортағасырлық қалалардың эталоны болғанын әйгілейтін сол кезеңге тән тіршілікпен көрсету мақсаты тұр.

Серік Ақылбек, «Отырар» археологиялық қорық мұражайы директорының орынбасары:

- Үйілген топырақтың үстімен жүрмей сол көне көшелермен барса дейміз. Ол кездерде ашық сауда орындары болған. Соның бәрін қалпына келтірсек, жақсы әсер алады. Көне қалада болып кеткендей әсер алады.

Бүгінге дейін Отырар оазисінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында 24 мыңнан астам жәдігер табылды. Оның тек бір мыңы ғана мұражайға қойылған. Жалпы, өңір тарихын танытуға байланысты туризмді дамытудың өңірлік бағдарламасы аясында бірқатар жобалар қолға алынбақ. 

Олжас Шынтаев, облыстық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Нақты жобалардың ішінде визит орталығын соғу бойынша туристерге қызмет көрсететін, одан бөлек, Ұлы Дала елі арнайы музейі, сол сияқты біраз жобалар қолға алынады. Ол Елбасы тапсырмасына сәйкес жүзеге асады.

Бір кездері Ұлы Жібек жолының бойында қанат жайып, өркендеген Отырардың ежелгі келбетін бүгінде археологтар қайта айшықтауға жақын. Оны қызықтауға жыл сайын 200 мыңнан астам адам келеді. Сондай-ақ, Арыстан-Баб кесенесіне зиярат етушілер қатары да  артып отыр. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу