Басты Жаңалықтар Елде 200 мыңнан астам жұмыс орны бос

Елде 200 мыңнан астам жұмыс орны бос

Қазақстанда бос жұмыс орындарының саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, enbek.kz ұлттық платформасында бүгінде 200 мыңнан астам қызметке сұраныс бар. Жұмыс берушілердің дені 300-400 мың теңгеден жоғары жалақы ұсынады. Бірақ неге сұраныс қанағаттандырылмайды. Маман тапшы ма? Әлде ондай жалақыны жұмыс іздеушілер місе тұтпай ма? 
Биыл 600 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасқан. Бұл «Үкімет жүргізіп отырған белсенді жұмыспен қамту шараларының нәтижесі» дейді сала мамандары. Жұмыссыздық деңгейі де жылдағымен салыстырғанда 3,1%-ға төмендеген. Соған қарамастан әлі де маман тапшылығы сезіледі.
Қайрат Омаров, ҚР ЕХӘҚМ халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:

Қазіргі таңда білім саласына 62 мың бос жұмыс орны жарияланып тұр. Одан кейін ауыл шаруашылық саласы – 37 мың, одан кейін өндірістік салаға 25 мыңға жуық бос жұмыс орындары жарияланып тұр. enbek.kz сайтына жарияланған бос жұмыс орындарының әлі де жабылмай тұрғанын, сол сұранысқа жұмыссыздар ниетті болмай тұрғанын біз байқап отырмыз.

Иә, сұраныс қанағаттандырылмағандықтан, жұмыс берушілердің ұсынысымен кәсіби оқуға – 8 мың адам жолданды, оның 2 жарым мыңы оқуын аяқтап, 1 065-і жұмысқа орналастырылды. Ұлттық статитика бюросының мәліметінше, әсіресе жұмысшы мамандар ауадай қажет.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жалақы аз деп айтуға болмайды. Жұмысшы мамандықтарда бізде жалақы ортадан жоғары. Бірақ расында да адам табу өте қиын. Мына галустук тағып, қағаз жазған жұмыс жақсы жұмыс деп есептеледі. Ал енді қолмен істеген жұмыс бізде онша бағаланбайды. Ол дұрыс емес. Жалпы, жұмысшы мамандықтарға көзқарас жастарда өзгеруі керек. Бізде, мысалы, кеше Қостанайда КИА зауыты ашылды. Оған кемінде 1,5 мың жұмысшы керек болады. Дәл Қостанайдың өзінде ондай жұмыс күші табыла ма, табылмай ма, өте үлкен сұрақ. Сондықтан бүкіл Қазақстаннан жұмысшыларды жинайды. Осындай жобалар көп.
Расында білікті мамандарға сұраныс жоғары. Бірақ тәжірибесі жоқ үміткерлерді қабылдауға 14 мың вакансия жарияланған. Ауылдық жерлерде тар бейінді мамандар, ал үлкен қалаларда қызмет көрсету саласынының қызметкерлері тапшы. Мәселен, жұмыс іздеуші трактор жүргізсе, 350-450 мың теңге жалақы алады. Техника машинисі болса, тіпті 700 мың теңгеге дейін табыс табады. Бірақ әлеуметтанушылар мұндай жалақыны жас мамандар азсынатынын айтып отыр.
Рамазан Саттарұлы, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, ассистент-профессор:

Әу бастан қойылған жалақы жоғары болса да, 300-400 мың теңге, былтырғы, биылғы зерттеуіміз бойынша, жас мамандар мың доллардан артық жалақыға ниетті. Біз соңғы кезде өмір сүру модельдерінің ішінде аса бір бай немесе аса бір білікті деңгейдегі әлеуметтік топтарды көп насихаттап, жастарды соған еліктетіп жібердік. Жалақы болса ол мың доллар болу керек немесе ол бос жату керек.  

Елде соңғы 5 жылда орташа айлық жалақы 2 есе артқан. Бұл көрсеткіш көрші Өзбекстанмен салыстырғанда - 70%-ға, Қырғызстандағы жалақыдан 73%-ға жоғары. Әлеуметтік сала мамандары елде жұмыс табуға әрқашан мүмкіндік бар екенін алға тартады. Әлемнің қай бұрышын шарласаң да, еңбек етпей, көп табыс иемдену мүмкін емес.


Бөлісу