Қазақтың абыройын асқақтатып, көк туды желбіреткен жеңімпаздар
Тәуелсіздік алғалы еліміз 8 жазғы және 8 қысқы Олимпиадаға қатысып, спортшыларымыз 87 медаль еншілеген. Азия ойындарында да толағай табыстарға жетті. Осылайша егемен ел ретінде Қазақстан әлемдік аренада өз орнын қалыптастырды. Көк туымызды желбіретіп, мемлекет абыройын асқақтатқан ерлеріміз бен батыр қыздарымыз жайлы Нұрсұлтан Тілектес.
1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарының Қазақстан үшін мәні зор. Өйткені дәл осы додаға еліміз тұңғыш рет тәуелсіз мемлекет ретінде қатысты және 11 медаль жеңді. Оның үшеуі алтын. Боксшы Василий Жиров, грек-рим күресінен Юрий Мельниченко және жүзгіш Александр Парыгин бас жүлдені олжалады.
2000 жыл. Сидней олимпиадасы. Ұлттық құрама бұл жолы да құр қайтпады. 57 келі салмақта жұдырықтасқан Бекзат Саттархановтың жұлдызы жанып, қазақ боксшыларынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.
Бекзаттан бөлек боксшы Ермахан Ыбрайымов пен желаяқ атлет Ольга Шишигина жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Сол жылы құрама 3 алтын мен 4 күміс медаль еншіледі. Одан кейінгі Афины, Бейжің, Лондон, Рио және Токио олимпиадаларында саңылақтарымыз ел қоржынына 54 медаль салды. Оның 8-і алтын, 14-і күміс, 31-і қола. Ал, былтыр Парижде өткен Олимпиадада тағы бір тарихи жеңіске қол жеткіздік. 60 келі салмақта күрескен Елдос Сметов дзюдодан қазақтан шыққан тұңғыш чемпион атанды.
Елдос Сметов, дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы:
Олимпиада ойындарында үш медаль алған тұңғыш қазақ болып тарихқа кіріп жатырмыз. Бұл мен үшін үлкен бір жетістік, үлкен мәртебе. Баға жетпес мен үшін.
Жалпы, Франция астанасынада өткен дүбірлі додадан спортшыларымыз бір алтын, үш күміс, үш қоламен оралды. Ал қысқы Олимпиада ойындарынан осы кезге дейін 8 медаль жеңіппіз. Азия ойындарына келсек, құрамамыз сары құрлық бәсекесінде де үхдіктер қатарында. Соңғы кездері Әлем чемпионаттарында да көшіміз ілгері. Мәселен, жуырда Англияның Ливерпуль қаласында өткен Әлем чемпиионатында 10 медаль ел қоржынына түсті. Жетеуі алтын. Осылайша былғары қолғап шеберлеріміз рейтингте Бразилия, Үндістан, Өзбекстан құрамаларын басып озды.
Аида Әбікеева, бокстан Әлем чемпионы, Қазақстан ұлттық құрамасының
мүшесі:
Әрбір спортшы қазағымыздың көк туын желбіретемін деп барады. Жігерленіп, қазағымның әнұраны шырқалсын деп барын салады. Мен әрбір қазағым қолдағанынан жігерленемін. Қазір қазақ боксы үлкен деңгейде деп айтсам болады. Шетелде де біздің қазақ боксын құрметтейді және таниды.
Бүгінде спорт саласына реформалар жасалып жатыр. Биыл арнайы заң қабылданып, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын 180-ге жуық спорт түрі үш есеге қысқарды. Яғни, әлемдік додаларда елдің атын шығаратын спорт түрлеріне басымдық берілді. Бұл - халықаралық жарыстарда қазақтың мерейін үстем ету үшін жасалған тағы бір қадам деуге болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
