Басты Жаңалықтар Қазақ хандығының сыртқы саясатына қатысты 72 мыңнан астам құжат зерттелуде

Қазақ хандығының сыртқы саясатына қатысты 72 мыңнан астам құжат зерттелуде

ХV-XVII ғасырлардағы Қазақ хандығының сыртқы саясатына қатысты 72 мыңнан астам тарихи тың құжаттар, бұрын белгісіз болған мұрағаттық материалдар зерттеліп жатыр. Бұл туралы Астанада өткен Халықаралық симпозиумда айтылды. Шараға Қытай, Жапония, Бельгия, Ұлыбритания, Швейцария, Франция сондай-ақ Орта Азия мемлекеттерінің жетекші тарихшылары, шығыстанушылар мен архив мамандары қатысты. Симпозиум ЮНЕСКО-ның қолдауымен және «Шығыс-Батыс» институтының ұйымдастыруымен өтті. Бұрын жарияланбаған Мәнжу құжаттарын Қытайға барып 20 жыл бойы зерттеген тарихшы ғалым баяндама жасап, жаңа деректермен бөлісті. Одан бөлек Ресей, Үндістан, Парсы, Осман империясымен дипломатиялық қарым-қатынастар да дәлел-дәйегімен ұсынылды. Тарихшылар бұрын бұл ақпараттарды зерттеу мүмкін болмады, енді ғана өзге елдің барлық кітапханалары мен архивін аралап, зерттеу жүргізіп жатырмыз дейді.

Бақыт Еженханұлы, тарих ғылымдарының докторы:

Қазақ пен Цин патшалығы арасындағы қарым-қатынас қандай болған? Бұрын енді, мысалы бодандық қарым-қатынас деп айтады ғой. Ал енді біз Мәнжу құжаттары арқылы жасаған зерттеуімізден мынандай қортынды шығаруға болады: Қазақ пен Цин патшалығы тең деңгейде, өзінің мүддесі үшін қарым-қатынас жасаған. Осы тақырыпта Абылай хан дәуіріндегі Қазақ-Цин қарым-қатынасы деген монографияның бірінші томы шықты.

Меруерт Әбусейітова, Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының тарихи материалдарды зерттеу жөніндегі республикалық орталықтың директоры, т.ғ.д., профессоры:

Біздің мақсатымыз – түрлі елдердің мұрағаттарында сақталған түпнұсқа деректерді ғылыми айналымға қайта енгізу. Бұл материалдар Қазақ хандығы дипломатиясының беймәлім беттерін ашып қана қоймай, Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасындағы рухани және мәдени көпір ретіндегі орнын нығайтады. Ертең бұл симпозиум дөңгелек үстелмен жалғасады. Онда Орталық Азия халықтарының адамзаттың ортақ мұрасына қосқан үлесі талқыланады.


Бөлісу