Президент: Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді
Белгілі заңгерлер мен ғалымдар, ассамблея өкілдері мен депутаттар және үкімет мүшелері. Жұмыс тобына 30-дан аса адам еніп отыр. Президент бұл реформа халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе деді. Сондықтан оны егжей-тегжей зерделеу қажет. Қазір әлем елдерінің үштен екісінде бір палаталы парламенттік жүйе қалыптасқан. Халықаралық үрдіс осындай. Дегенмен елімізде билік тармақтарының тепе-теңдігі мен рөлі сақталады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту стратегиясын «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай жүргізе беру маңызды. Бұл – елімізде Президенттік билік жүйесінің тиімділігі сақталады деген сөз.
Қоғамда бір палаталы жүйеге көшуге қатысты пікір-талас көп. Тіпті референдум өткізудің қажеті жоқ, көпке созбай қысқа мерзімде жүзеге асырайық деп айтқандар да бар. Дегенмен парламенттік реформа – аса күрделі жұмыс. Асығыстыққа жол беруге болмайды деді Мемлекет басшысы. Оның үстіне Ата заңның жартысына жуығына түзету енгізілмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады. Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. Әрине бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық керек.
Президент Жұмыс тобына бірқатар басым бағыттарға назар аударуды ұсынды. Өзгерістер тек эволюциялық жолмен жүзеге асуы керек. Соңғы жылдары еліміздің саяси жүйесі айтарлықтай жаңғырды. Президент енді бір палаталы Парламентке өтуді бастаймыз деп мәлімдеді. Алайда бұл тек Сенатты тарату деген сөз емес. Басты мақсат – өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғырту.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы:
Конституцияның өміршеңдігі оның заман талабына сай икемделе алу қабілетінде. Мен мүшесі болған еуропа кеңесінің Венеция комиссиясы да конституция әрі тұрақты әрі уақыт ағымына сай бейімделе алу керек деген ұстанымда. Яғни аталған екі ұстаным арасында тиімді тепе-теңдік табуымыз тиіс. Конституцияны жетілдірудің бірыңғай жоспары жоқ. Әр мемлекет оны өз тарихи және саяси жағдайына қарай шешім қабылдайды.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:
Біз де өз тарапымыздан өзіміздің жауапкершілігімізді түсініп, бұл реформаның қойған мақсатын дейін жеткізуге, өз партияларымызды соған лайықты деңгейге жеткізуге барша күшімізді саламыз. Қолдаймыз, елімізге жақсы әсер етеді деп сенімдіміз.
Президент цифрлы құралдар арқылы азаматтарды заң шығару ісіне белсенді араластыру керек деп есептейді. Алдағы уақытта e-Gov секілді e-Parlament платформасы да сұранысқа ие болуы мүмкін. Бұл ретте болашақ депутаттар корпусының білімі мен білігі маңызды факторға айналады. Олардың қатарында нағыз кәсіби мамандар болуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Референдумға дейін атқарылатын жұмыстың бәрін мұқият ойластырып, байыппен жүргізу қажет. Білікті мамандар өз ойларын ашық айтып, тиімді ұсыныстар беруі керек деп санаймын. Түпкілікті шешім, яғни қоғам пікірі дұрыс болуы үшін осы мәселеге қатысты айтылатын әрбір ой-пікір де әбден тексерілген, екшелген, жан-жақты сарапталған болуы керек.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Аманат» фракциясының жетекшісі:
Осы бір жылдың ішінде үлкен талқылаулар өтетін болады. Сол талқылаулардың аясында айтылатын пікірлердің негізінде осындай маңызды істі артып отыр мемлекет басшысы. Сол себептен талқылауларды ашық өткізуге, сондай ақ барлық талқылауларда халықтың үнін естуге барлық күшімізді салатын боламыз.
Осылайша Мемлекет басшысы Жұмыс тобына зор жауапкершілік жүктеді. Әр ұсыныс пен пікір мұқият сараланып, Конституцияға енгізілетін өзгерістер барынша әділ, нақты және кәсіби дайындалуы тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
