Басты Жаңалықтар Өзбекстандағы АЭС құрылысы: Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр

Өзбекстандағы АЭС құрылысы: Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр

Өзбекстанда құрылысы басталған шағын атом электр станциясының бірінші энергоблогы 2029 жылы іске қосылады. Жарты жылдан соң екіншісі пайдалануға берілмек. Реактордың жабдықтарын шығару қазірдің өзінде басталып кеткен. Жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр. Келешекте көрші елде ірі және шағын көлемдегі екі бірдей АЭС салынады деп жоспарланған.

Бұл – Жызақ облысының аумағында, Айдаркөлдің жағасында салынып жатқан атом электр станциясы. Негізгі кәсібі ауылшаруашылығына бейімделген Фариш ауданының халқы бастапқыда жобаға үрке қараған. Алайда қазір құрылысқа қолдау білдіріп отыр. 1,5 млн-дай тұрғыны бар аймақтағы шалғай елді мекендерге жан бітіп, жұмыс орындары ашылған.

Ойбек Зувтаров, Хонбанди ауылының тұрғыны:

АЭС жайлы көптеген мәліметпен таныса келе, бұл нысанның тиімділігін, ел үшін қаншалықты пайдалы екенін аңғардық. Сондықтан жобаны қолдаймыз. Келешекте халық арзан электр қуатына қол жеткізеді деген үміттеміз.

Дәл қазір мұнда АЭС қалашығы салынып жатыр. Жұмысшыларға арналған жатақхана, жаңа үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп келеді. Бір жарым мыңдай адам еңбек етіп жүр. Келер жылы жұмысшылар саны 5 мыңға жуықтамақ. Жауапты басшылар АЭС құрылысы барысында қауіпсіздік қатаң сақталып отырғанын айтады.

Абдужамил Халмурадов, «Узатом» компаниясы АЭС құрылысы дирекциясының басшысы:

Қауіпсіздікке қатысты барлық мәселені назарда ұстаймыз. Материалдың сапасы жіті тексеріледі, қандай да бір күмән болса, құрылыс алаңына жіберілмейді. Халықаралық сарапшылар да көмегін ұсынуға әзір. Жалпы айтқанда, атом электр станциясының қауіпсіздігіне қатысты алаңдауға еш негіз жоқ.

Атом электр станциясындағы өндірістік технология халықаралық стандартқа сай жүзеге асады. Венгрия мен Қытайдың қондырғыларын орнату бойынша келісім жасалған. Алғашқы реактор 2029 жылдың соңында іске қосылады деп жоспарланған. Шағын АЭС 2035 жылдан бастап толық қуатында жұмыс істеуге көшпек.


Бөлісу