Басты Жаңалықтар Президент ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесінде қандай бастама көтерді?

Президент ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесінде қандай бастама көтерді?

Климаттық және техногендік төтенше жағдайларды болжаудың өңірлік орталығын құру арқылы бірлесе жұмыс істеу қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесінде осындай бастама көтерді. Мемлекет басшысы аймақ елдерінің назарын Каспий теңізінің қазіргі ахуалына тағы бір мәрте аударып отыр. Инвестиция тарту, көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалану, цифрлық шешімдер енгізу және өңірлердің тең дәрежелі байланыстарын дамыту. Президент осы бағыттарға басымдық беру керек деп есептейді. Жиында тағы қандай мәселе көтерілді? Шерхан Жамбылұлы толықтырады.

Душанбе. Жеміс-жидегі төгіліп, жасыл желекке оранған шаһарға күздің суығы әлі келген жоқ. Бүгін 25 градус жылы. Жаймашуақ мезгілде президенттер Тәжік астанасында түгел бас қосты.

КСРО-ның ыдырап, достастық ұйымының құрылғанына келер жылы 35 жыл толады. Одаққа кірген 15 елдің қазір тоғызы ТМД-ға мүше. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл құрылым жаңа тарихи жағдайда мемлекеттер арасындағы сенімді арттырудың халықаралық тетігі ретінде сұранысқа ие екенін дәлелдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдері сауда айналымының жалпы көлемі 8 пайыз ұлғайып, 110 миллиард долларға жетті. Сонымен қатар соңғы бес жылда Қазақстанның Достастық мемлекеттерімен алыс-берісі бір жарым есе өсіп, 38 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіш Ұйымның сауда-экономикалық әлеуетін танытады және әлі де мүмкіндіктердің бар екенін байқатады.

Президент белсенді жұмыс істейтін көлік дәліздері табысты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кепілі екенін атап өтті. Біздің аймақ Еуропа мен Азияны жалғап, жаһандық көлік-логистика жүйесінде ерекше рөл атқарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Өңіріміздің транзиттік мүмкіндіктерін жақында ғана Қазақстан аумағында іске қосылған «Достық – Мойынты» теміржол желісі күшейте түседі. Ол «ТрансҚазақстан» теміржол дәлізін қалыптастырудың негізін қалайды. Бірақ мемлекеттеріміздің көлік саласындағы әлеуетін толық ашу үшін біздің алдымызда заманауи инфрақұрылым қалыптастыру міндеті тұр. Достастықтың бірыңғай цифрлық көлік-логистика картасын әзірлеуді ұсынамын.

Ол үшін ұлттық инфрақұрылымдық жоспарларды біріктіріп, көлік байланыстарының тұтас кеңістігін жасақтау қажет. Сарапшылардың айтуынша, бұл бағытта Еуроодақ тәжірибесін үлгі етуге болады.

Айбар Олжаев, экономист:

Бір елден тез өтіп, екінші елге барып тіреліп қалады. Сондықтан ортақ көлік-логистикалық стратегия болмаса, тез арада жүгімді әлемдік порттарға жеткізем деу қиын. Сондықтан Қазақстан осыны өзі басынан кешіп отыр, Қазақстан өзі де жолдарын жақсартып, кеңейтіп жатыр. Басқа елдерге бізге не инвестиция салу керек немесе үкіметтеріне көбірек айта беру керек. Мына жерді дұрыстайық, мына жерің болмай жатыр деген секілді.

Мемлекет басшысы экологиялық қауіп, табиғи және техногендік апаттар ТМД елдеріне үлкен қатер төндіреді деп санайды. Ерте бастан анықтаудың және ескертудің тиімді тетіктерін қарастыру маңызды міндет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Климаттық және техногендік төтенше жағдайларды болжаудың өңірлік орталығын құру арқылы бірлесе жұмыс істеуді ұсынамыз. Каспий теңізінің тез тартылып бара жатқаны зор алаңдаушылық туғызып отыр. Негізі, бұл – өңірлік қана емес, жаһандық проблема. Сондықтан біздің бастамамызбен әзірленіп жатқан Каспийдің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламаға қосылуды ұсынамыз.

Жиында Шанхай ынтымақтастық ұйымына байқаушы мәртебесін беру туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек, Қазақстан «ТМД плюс» форматын дамытуды ұсынып отыр. Ал келер жылы ұйымға төрағалық міндеті Түрікменстанға көшеді.


Бөлісу