Президент: Орталық Азия – қарқынды дамып келе жатқан әлеуеті мол аймақ
Орталық Азия – қарқынды дамып келе жатқан, әлеуеті зор аймақ. Душанбеде өткен «Орталық Азия – Ресей» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың жаһандық үдерістердегі рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, Ресеймен қарым-қатынасқа ерекше мән берілетінін айтты. Жиында президент қауіпсіздік, көлік-логистика, экология мәселелеріне тоқталып, ұстанымын білдірді. Сонымен қатар «Орталық Азия – Ресей» форматындағы алғашқы ректорлар форумын Қазақстанда өткізіп, білім мен ғылым саласында ортақ онлайн білім беру платформасын құруды ұсынды.
Түбі бір түркілер мен тарихы тамырлас
тәжіктер тағдырлас елдер. Бестік елдері енді бірігіп, ортақ мүддені үшінші
тараппен талқыға салып келеді. Ресеймен аймақты көпжақты қарым-қатынас
байланыстырады. Әсіресе 7,5 мың шақырымдық шекарасы бар Қазақстан үшін
солтүстіктегі көршімен сенімді серіктестік орнату маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңге, әлем экономикасының тұрақсыздығына қарамастан, Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі одақтасы саналады. Алдағы уақытта да осылай болып қала береді. Орталық Азия өңіріндегі ахуал кейінгі жылдары саяси ынтымақтастық, экономикалық ықпалдастық, мәдени және рухани бірлікке қарай бет алғаны қуантады. Бұл оң үрдіс енді кері сипат алмайды және аймағымыздың Ресей мемлекетінің перспективті әрі беделді серіктесі ретіндегі салмағын үстей түседі.
Орталық Азия мен Ресей былтыр 50 миллиард
долларға сауда-саттық жасаған. Оның жартысынан көбі Қазақстан мен Ресейге
тиесілі. 28 миллиардтан асып отыр. Президент агро саладағы кең мүмкіндіктерге
тоқталды. Бидайды терең өңдеуге басымдық беру қажет деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
Ресей әлемдегі ірі астық өндіруші және тасымалдаушы елдердің қатарына кіреді. Бұл бағытта Қазақстан да дүние жүзіндегі көшбасшылардың бірі. Осы саладағы зор әлеуетімізді ескере отырып, астықты терең өңдеудің бірлескен кластерін құру жобасын қарастыруды ұсынамыз. Бұл тек бидай мен ұн ғана емес, қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік береді.
Көлік-логистиканың да әлеуеті мол. Қазақстан
арқылы 11 халықаралық дәліз өтеді. Соңғы 15 жылда саланы кешенді жаңғыртуға 35
миллиард доллар жұмсалған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
2030 жылға қарай Қызылорда қаласынан Ресей шекарасына дейінгі учаске төрт жолақты қозғалысқа ауыстырылады. Ресейлік және түрікмен серіктестерімізбен бірлесіп «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс тармағын дамытамыз. Оңтүстік Азия нарығына Ауғанстан арқылы өтетін көлік дәлізін дамыту жобасының да перспективасы зор. Бірлесе күш жұмылдырып, аталған мәселелерді жедел шешу үшін «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі аясындағы еуразиялық бағытты дамыту кеңесін құруды ұсынамын.
Энергетика саласында Қазақстан мен Ресейдің
ынтымақтастығы нығайып келеді. «Росатомның» қатысуымен алғашқы атом электр
станциясын салу стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтермек. Президенттің
айтуынша, бұл жобада жергілікті мамандарды даярлауға ерекше назар аударылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының
Президенті:
Қазақстанда Ядролық отын циклі және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы өңірлік құзыретті кеңес құруды ұсынамыз. Заманауи ғылыми-зерттеу базасы мен білікті кадр даярлау жүйесін нығайту – өзекті мәселе. Бұл бағытта алғашқы маңызды қадам жасалды. Алматыда МИФИ Ұлттық зерттеу ядролық университетінің филиалы ашылды.
Мемлекет басшысының айтуынша, аймақ елдері
бұрын-соңды болмаған экологиялық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Оны
еңсеру үшін үкімет басшылары деңгейінде жүйелі шаралар қабылдау қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Трансшекаралық өзендер мен Каспий теңізінің жағдайына баса назар аудару керек. Бұл күрделі мәселені шешуге Каспийдің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламасын іске асыру ықпал етеді. Су ресурстары мен ауыл шаруашылығы жерлерінің жай-күйін бақылау, сондай-ақ төтенше жағдайларды болжау үшін жасанды жер серіктерін пайдалана отырып ғарыштық мониторинг бойынша бірлескен бағдарлама жасақтауды және іске асыруды ұсынамыз.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды міндет. Президент
терроризммен, экстремизммен және есірткі айналымымен күресті күшейтуді,
киберқорғанысты дамытуды ұсынды. Ол Ауғанстандағы ахуал өңір тұрақтылығына
тікелей әсер ететінін айтып, бұл елді экономикалық үдеріске тартудың маңызын
атап өтті. Мемлекет басшысы Душанбеде өткен саммит өңірлік ынтымақтастықтың
жаңа кезеңіне жол ашады деген сенім білдірді.