«ТҮРКСОЙ» ұйымына – 25 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ТҮРКСОЙ» ұйымына – 25 жыл

29.11.2018

Түбі бір түркі жұртын бір арнаға біріктіріп отырған халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының құрылғанына биыл - 25 жыл. Мерейтой Париждегі ЮНЕСКО-да тойланды. Ұйымның жастардан жасақталған камералық оркестрі Франция жұртына мерекелік концерт қойды. Түркі әлемінің үздік туындыларын орындаған музыканттардың өнері еуропалықтарды тамсантты.

Түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сына айналған «ТҮРКСОЙ» ұйымының негізі 1993 жылы Алматыда қаланған. Түркі жұртының жаһандану заманында алпауыттарға жұтылып кетпей, өз мәдениеті мен руханиятын сақтап, өзара бірлікті бекемдеу болатын мақсаты. Ұйым ширек ғасырда сол үдеден шықты.

Нихат Гүл, Түркия мәдениет және туризм министрінің орынбасары:

«ТҮРКСОЙ» 25 жыл бұрын «6 мемлекет 1 халық» ұғымымен 6 мемлекеттен құрылғанын білесіздер. Содан бері ұйым БҰҰ, Еуропалық Одақта, Жапонияда, ЮНЕСКО-да түркі халқының ән-би, әдебиет, мәдениет басқа да ұлттық құндылықтарды насихаттап келеді. Осыны жалғастырып, ұйымның мәртебесін арттыра берейік. 

ТҮРКСОЙ-ды мойындап,1996 жылы іскерлікті арттыруға ниет білдіргендерді бірі ЮНЕСКО. Сенімді серіктестікке құрылған қатынас бүгінде мызғымас достыққа айналды. 25 жылдық мерейтойды Парижде атап өтудің сыры да сол.

Ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейінов түркі әлемінің бай мәдени мұрасын сақтап, келесі буынға табыстау жұмыстары әлі де жалғаса беретінін жеткізді. Ұрпақтар сабақтастығын  ТҮРКСОЙ-дың камералық оркестрі мерекелік концертке жиналғандарға паш етті.

Даниеля Фани, Париж қаласының тұрғыны:

Мен Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркменстан, Түркия елдерін жақсы білемін. Бірақ, музыкасын бірінші рет тыңдап тұрмын.  Ерекше, сырға толы музыка. Музыканттардың  аспаптарда еркін ойнауы, дауысты мың құбылту арқылы әнді көмеймен шырқағаны тіпті ғажап.

Рахман Мустафаев, Әзірбайжанның Франциядағы төтенше және өкілетті елшісі:

Бүгінгі концерт керемет өтті. ТҮРКСОЙ ұйымы түркітілдес халықтар үшін өте маңызды ұйым.Ортақ тарих,мәдениет, тілімізді, байланысымызды дамытуға бағытталған ұйымның мерейтойы қазақстандықтар үшін өте маңызды мереке Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан, мен барша қазақстандықтарды да мерекемен құттықтап, елдің Тұңғыш Президентіне зор денсаулық, халқына береке-бірлік тілеймін.

Түркі әлемінің ұлттық музыкасын жан-жақты насихаттап, жаңғыртып жүрген өнерпаздарға Франция жұрты қошаметті жаудырды. Түбі бір түркі жұртының ынтымағына тамсанды. ТҮРКСОЙ ұйымы бірлікті бекемдеп, достықты нығайтуға әрі қарай да күш салмақ.  

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу