Италия президенті ресми сапармен келді
Елімізге Италия Президенті Серджо Маттарелла алғаш рет ресми сапармен келді. Мәртебелі мейманды Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Ең алдымен Мемлекеттер басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырып, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Содан соң екі ел лидері келіссөздер жүргізді. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Серджо Маттарелланың Қазақстанға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл сапар Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен бұрыннан келе жатқан серіктестікті растайды. Ал Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, өзара қарым-қатынасты одан әрі арттырудың маңызына тоқталды. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайту перспективаларын талқылады. Бүгінде Италия Қазақстан экономикасына инвестиция құйған елдердің топ бестігіне кіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Президент мырза, Сізді мәртебелі мейман ретінде қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа парағын ашатыны сөзсіз. Сіздің еліңізге құрметіміз ерекше. Өзара сауда дәйекті түрде дамуда. Біздің экономикалық байланыстарымыздың негізі берік. Түрлі саладағы қарым-қатынасымыз жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы ретінде екіжақты ықпалдастықты нығайтуға үлес қосуға әзірмін.
Серджо Маттарелла, Италия Президенті:
Сіздің былтыр қаңтар айында Римге жасаған сапарыңыздан кейін Астанада кездескеніме қуаныштымын. Өзіңіз атап өткендей, елдеріміз арасындағы қарым-қатынас ұдайы нығайып, тығыз әрі табысты сипат алды. Екі елдің сауда-экономикалық, мәдени салалардағы ынтымақтастығы жылдан жылға ілгерілеуде. Университеттер арасында серіктестік жолға қойылғанын көріп отырмыз. Достық көңіліңізге алғыс айтамын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
