Басты Жаңалықтар АЭС құрылысына қатысты келіссөздерде ел мүддесін ескеру қажет

АЭС құрылысына қатысты келіссөздерде ел мүддесін ескеру қажет

Атом электр станциясының құрылысы кезінде Қазақстанның мүддесі ерекше ескерілуі керек. Президент жанындағы ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысын өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Ал Елдің энергетикалық қауіпсіздігін және дербестігін қамтамасыз ету – стратегиялық міндет. Бұл тұрғыда ғалымдарға артылар жүк ауыр. Президент ғалымдарымызға тағы қандай міндет жүктегенін Оңғар Алпысбайұлы жеткізеді.

Елдің экономикалық өсімі ғылымға тікелей байланысты. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен технология барлық мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар мәселе екеніне назар аударды. Елімізде зерттеу университеттері көбейіп әрі олардың өндіріспен байланысы нығайып келеді. Қазақстан алдағы үш жылда цифрлық ел болуы керек, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жан-жақты пайдаланып, оны барлық салаға енгізу қажет, - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елдің энергетикалық қауіпсіздігін және дербестігін қамтамасыз ету – стратегиялық міндет. Біз түрлі салаға озық технологияларды енгізіп жатырмыз. Ауқымды жобалар қолға алынуда. Оның бәрін табысты жүзеге асыру үшін электр энергиясы жеткілікті болуы қажет. Сондықтан біз қуат көздерін жан-жақты жаңғырту жұмыстарын бастадық. Ең бастысы, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұрдық.

Иә қазір әлем бойынша 416 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Оның 94-і уран өндірісі аз АҚШ та орналасқан. Қажетті отын қорының 24 пайызын Қазақстаннан алып отыр. Францияда да тура осындай жағдай. Әлем бойынша барлығы 31 мемлекет ядролық энергия өндіріп отыр. Тағы жиырмаға жуық мемлекет ядролық реактор салуды жоспарлап қойған. Қазақстан да жаңа нысанның құрылысына кірісіп кетті. Жобаны халықаралық консорциум жүзеге асырады. Оның жетекшісі – «Росатом» компаниясы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тиісті Агенттік, жалпы, Үкімет осы компаниямен келіссөздер өткізген кезде әрдайым еліміздің мүддесін ескеруі қажет, келісімдердің барлығы әділетті, теңгерімді, тиімді болуы керек. Табиғи байлығымызды, яғни уранды талан-таражға салуға болмайды. Бүгін мен мұны ғалымдардың және бүкіл ғылым қауымдастығының алдында әдейі айтып отырмын. Бұл – аса маңызды мәселе.

Қазақстанда бұл салаға қажетті сирек кездесетін металдар жеткілікті. Уран өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы мемлекеттің біріміз. Әлемдегі уран қорының 40 пайызы – қазақ жерінде. Сондықтан бір атом атом электр станциясымен шектеліп қалмаймыз. Екінші, үшінші атом электр станцияларын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек, деді Президент. Бастысы АЭС құрылысы кезінеде барлық экологиялық нормалар қатаң сақталуы тиіс екенін ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алматыдағы Ядролық физика институтының базасында көп мақсатты зерттеу реакторын салу мүмкіндігін қарастырған жөн. Еліміздің жаңа ғылыми қалашығын осы мекеменің негізінде құруға болады. Сонымен қатар мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерін ескеріп, құны бірнеше миллиард тұратын жобаларға шашылмаған дұрыс. Абай облысында АЭС салу перспективасын ескере отырып, Курчатовтағы ғылыми қалашықтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу қажет.

Саябек Сахиев, Ядролық физика институтының бас директоры:

Жапонияның атом энергиясы агенттігінің, Германияның технологиялық институтының және АҚШ-тың ұлттық зертханалары тапсырысы бойынша төртінші буындағы ядролық реакторлардың отын элементтеріне және термоядролық құрылғылардың жетілдірілген біздің зерттеу реакторында сынақтар жүргізілуде.

Жаңа технологиялар, цифрландыру да ерекше басымдық берілетін бағыттар. Заманауи шешімдер ядролық нысандардың қолданыс циклін ұтымды басқаруға мүмкіндік береді. Шығынды азайтып, барлық процестің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырады. Жасанды интеллект аталған мүмкіндіктерді бірнеше есе күшейтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаппай цифрландыру азаматтарымыздың тұрмыс сапасын едәуір жақсартып, Қазақстанның орнықты ғылыми-технологиялық прогресіне берік негіз қалайды. Аталған стратегиялық бағыттың дұрыс екеніне сенімім кәміл. Түптеп келгенде, бұл – Қазақстанның дербес ел ретінде өміршеңдігі деген сөз.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Қазақстанда іске қосылған суперкомпьютер елдің технологиялық көшбасшылығын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар ғылыми қауымдастықты, отандық стартаптарды, университеттерді есептеу қуатына қол жетімділікпен қамтамасыз етуге қолдау көрсетуге бағытталған.

Менің негізгі миссиям – қазіргі алмағайып кезеңде еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту деген Президент атом саласының ғылыми-технологиялық әлеуетін күшейту ісінде халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор деді. Ал жаһандық климаттық бастамалар кең ауқымды алаяқтыққа ұқсайды. Сондықтан елдің энергетикалық тұрғыдан ешкімге тәуелді болмауы үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Расында жел станциялары өте қымбат, өндірілетін энергия да қымбат, ондай станциялар табиғатқа зор зиян тигізуі мүмкін. Қазір озық технологиялар көмірді жақсы тазалайды, оның зияны жоқ, бағасы жел, күн, газбен салыстырғанда қымбат емес.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Президент ғалымдардың ағартушылық миссиясына ерекше назар аударды. Сіздер Атқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын жақсы түсінесіздер. Соны жастарға айтып жеткізу керек. Сонда ғана Әділетті, Қуатты, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Бұл іске ғалымдар қауымы мол үлес қосады деп сенемін, - деді ол.


Бөлісу