Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Ұлы дала тарихы» пәні енгізілді

28.11.2018
Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Ұлы дала тарихы» пәні енгізілді

Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің оқу үдерісіне «Ұлы дала тарихы» пәні енгізілді. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз орталығы хабарлады.

Таңдау пәнінің мақсаты – Қазақстанның ежелгі дәуірден XX ғасырдың басына дейінгі кезең тарихын студенттерге жүйелі түрде оқыту, Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің диалогы ауқымындағы бүгінгі Ұлы дала тарихының қайталанбас ерекшелігі мен маңыздылығын анықтайтын ғылыми тұжырымдарды зерделеу.

Аталған пән Қазақстан тарихының теориялық-методологиялық тұжырымдарына негізделген. 15 тақырыптан тұрады. Курстың хронологиялық шеңбері еліміздің ежелгі дәуірден XX ғасыр басына дейінгі қалыптасқан тарихи кезеңдерімен анықталған.

Тақырыптарда Ұлы дала тарихы пәні және оның рухани жаңғыру мен тарихи сананы қалыптастырудағы орны, Түркі мәдениетінің дүниетанымдық мәні және көшпенділердің әлемді түйсінуінің ерекшеліктері, Ұлы Жібек жолы Еуразия құрлығындағы мемлекеттер мен өркениеттердің мәдени сұхбаттастығы мен экономикалық байланыстарының алғышарты, қазақ халқының этногенезі мен ұлттық коды туралы тың деректер қамтылған.

Қазіргі күнде аталған пән бойынша арнайы оқу құралы дайындалып жатыр. Оған белгілі ғалымдар мен сала мамандары жұмылдырылған.

Хабарламаларға жазылу