Басты Жаңалықтар Қосылған құн салығынан кімдер босатылады?

Қосылған құн салығынан кімдер босатылады?

Келесі жылы қолданысқа енетін жаңа Салық кодексіне сәйкес, 16 пайыз қосылған құн салығынан кімдер босатылады? Бүгін Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің өкілдері Кодексті түсіндіру үшін арнайы семинар өткізді. Дәрілік және медициналық заттар, медициналық қызметтер үшін ҚҚС мөлшерлемесі 1 қаңтардан бастап 5%, ал 2027 жылдан бастап 10% болады. Ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС қызметтері, сондай-ақ орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін дәрілік заттарды өткізу және импорттау жұмыстары салықтан босатылады. Сонымен қатар ішкі туризм туроператорлары, отандық басылым шығаратын баспа үйлері, археологиялық жұмыстармен айналысатын орталықтар да аталған салық түрін төлемейді. Жиынға жиналған 800-ге жуық бинес өкілдеріне салық кодексіндегі өзге де жаңашылдықтар түсіндірілді.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

Кіші және орта бизнес субъектілеріне жеңілдіктер көрсетілген. Салық нысаналары 30%-ға, салық түрлері 20%-ға қысқартылды. Ескі кодекс бойынша, салық қарызы 6 айлық есептік көрсеткіштен көп болса, біз шаралар қолданып, хабарлама беріп, шоттарды бұғаттайтынбыз. Қазір бұл мөлшерлемені қайта қарадық. 20 айлық есепке дейін ұлғайттық.

1 миллионға жуық жеке кәсіпкер салық төлеуден жалтарған

Иә, жаңа кодекске сәйкес, біршама жеңілдік те бар. Мәселен, қолданыстағы заңға сәйкес салық қарызын кешіктіріп жүрген кәсіпкерлер оны өтегенше кепілге жылжымайтын мүлкін қоюға міндетті. 2026 жылдан бастап, еш кепіл қоймай-ақ, төлем мерзімін нақты көрсетіп, өтініш жазуға құқылы. Сондай-ақ кәсіпті бақылау шаралары азайтылды. Кодекс күшіне енісімен, жоспарлы тексерістер жүргізілмейді. Орнына фискальді сүйемелдеу тәсілі енгізіледі. Себебі 1 млн-ға жуық жеке кәсіпкер өзінің айналымдағы қаражатын нақты көрсетпей, салық төлеуден жалтарып келген. Жиналғандар кәсіпке жасалатын жеңілдіктер, әкімшілік хаттамаларды азайту, саланы цифрлық форматқа ауыстыру сынды сауалдарды ортаға салды. Сондықтан түсіндіру жұмыстары өңірлерде де жалғасатын болды.


Бөлісу