Басты Жаңалықтар Шымкентте Әлем чемпиондарын марапаттады

Шымкентте Әлем чемпиондарын марапаттады

Әлемді мойындатқан ағайынды Сабырхандарға Шымкентте ерекше құрмет көрсетілді. Бокстан Әлем чемпионы Махмұд пен Төреханға демеушілер атынан пәтер мен автокөлік табысталды. Сондай-ақ спортшылардың әкесіне де арнайы темір тұлпар сыйға тартылды.

Әлем және Азия чемпиондарын қала әкімі қабылдап, ерекше ілтипат танытты. Жиында спортшылардың жеңісі ел абыройын асқақтатып қана қоймай, жастарға үлгі екені айтылды. Сабырхан әулетіне үш автокөлік пен пәтер сертификаттары табысталды. Өзге де чемпиондар демеушілер есебінен жаңа баспанаға қол жеткізді.

Ермек Дәрменов, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

Енді қазір олимпиада ойындарына лицензияны алуымыз керек. Бірақ ол жерде лицензия емес, медальмен оралсақ па деп отырмыз. Балалар да  шабыттанып тұр. 55 кг,  70 кг-да екеуі олимпиадалық салмақ.

Ағайынды Сабырхандар – Махмұд пен Төрехан – бір отбасының қос чемпионы ретінде тарихи жеңіске қол жеткізді. Олар енді келесі мақсат ретінде Олимпиада шыңын бағындыруға ниетті.

Махмұд Сабырхан, бокстан Әлем чемпионы:

Төрехан екеуімізге ғана емес, әкемізге де, бапкерімізге де жақсы сыйлықтар берді. Көріп жатсыздарі, үйімізге үш көлік айдап қайтып бара жатырмыз. Қазақстан еліне Олимпиаданың медальі керек болып тұр, сол Олимпиададан алтынмен ораламыз деген мақсатымыз бар.

Еске сала кетейік, Ливерпульде өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті алтын, бір күміс, екі қола медаль жеңіп, тарихи жетістікке жетті. Ағайынды Сабырхандар мен басқа чемпиондардың жетістігі жастарға шабыт беріп, спорттағы жаңа жеңістерге жол ашары анық.


Бөлісу