Павлодар облысында 11 млрд-қа салынған қазандық бос тұрып, тозып барады
Осыдан 8 жыл бұрын салынған Павлодар іргесіндегі Ақсу қаласындағы жаңа қазандық биылғы жылыту маусымында да іске қосылмайды. Естеріңізге салай кетейік, алты қазандығы бар жаңа жылу орталығын салуға 11 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалған. Алып нысан тұрған күйінде тозып барады. Ал қалаға жылу беріп тұрған Ақсу ферроқорытпа зауытына қарасты ескі қазандық жылда жөнделгенімен, қыс ортасында сынып қалмасына кепілдік жоқ.
Жаңа қазандық 2019 жылы іске қосылуы тиіс еді. Қуаты 180 гега калорий тұтас қаланы және жаңадан бой көтеретін шағын аудандарды да жылумен қамтиды деп жарияланған. Алайда қазандықтың қуаты шаһардың тең жартысына ғана жететін болып шықты. Есесіне жоба шикі жасалған, сондықтан агрегаттарды жетілдіру керек деген желеумен оқтын-оқтын түзету жасау арқылы бастапқы құны 6,5 млрд теңге деп белгіленген қазандықтың құны 11 млрд теңгеге өсіп кетті. Қызығы сол - жылда жылу маусымы басталар алдында бұл қазандыққа сынақ жүргізіледі. Бірақ іске қосылмайды. Себебі біреу, кәдімгі көмірмен жағуға болмайды екен.
Ержан Иманзайыпов, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
Жоба бойынша бізде тас көмір жоспарланған. Ол Екібастұз кенішінен алынады. Енді қазіргі таңда біз басқа көмірді сынаймыз. Биылғы жылы ол қосылмайды. Өйткені сынақты әлі бітірген жоқ.
Павлодар өңірінде көмірдің екі-ақ түрі бар. Күлділігі жоғары, бірақ қызуы ұзақ сақталатын Екібастұз кенішінің көмірі және күлі аз, қызуы қатты, бірақ қайтымы тез Майкөбенің көмірі. Біріншісі - арзан, бірақ күлі көп болғандықтан, қазандықты бітеп тастайды-мыс. Ал Майкөбенің өнімі тым қымбат. Жылу тарифі екі-үш есеге бірақ көтеріледі екен. Осылайша 30 жылда өңірдің қала мен аудандарында салынған жалғыз қазандықтың игілігін ел қашан көрері әзірге белгісіз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
