Ұлт тарихына қатысты құнды құжаттар шетелдік архивтерде жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлт тарихына қатысты құнды құжаттар шетелдік архивтерде жатыр

22.11.2018

Осылай деп ой білдірген тарихшылар «қазақтың асыл қазынасын дереу өз архивтерімізге әкелу керек», деді. Шекара сыртындағы ұлт тарихына қатысты тың мәліметтер жинақталғанда ғана Қазақ елінің шынайы келбеті кескінделіп, қазақ халқының жаһандық орны айқындала түспек. Президент айтқандай, «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасы «Мәдени мұраның» заңды жалғасы іспетті төл тарихты түгендеуі тиіс.

Бұл жер – ұлт тарихының шежіре қоймасы. Сөрелердегі әр қорап – қазақтың өткен өмірі, әр құжат – олардың ғажап өркениеті. Құжаттар құнды. Сондықтан, Шынар 10 жылдан бері тарихи деректердің тұтастығы мен дұрыс сақталуын қамтамасыз етіп келеді. 

Шынар Жұмаділова, ҚР Ұлттық архив бас қор сақтаушы:

 Біздің архивімізде сақтаулы ең құнды құжаттарымыздың бірі. Мұнда Қытайда тұрған ежелгі, қаймағы бұзылмаған қазақтардың өлең, жыр-дастандары жазылған. Алда оны аудару жоспары тұр.

Қазір Ұлттық архивтің ірі 19 қоймасы бар. Іші тарихи деректерге толы. Әр құжат ұлт тарихының ақтаңдақ беттерін ашады. «Алайда, біздің архивтегі мәліметтер Қазақ елінің болмысын ашуға жеткіліксіз. Тың деректер шетелдік архивтерде жатыр»,- дейді тарихшылар.

Ғани Қарасаев, Мемлекеттік тарих институтының бас ғылыми қызметкері: 

Көп мәліметтер Санкт-Петербург, Мәскеу, Омбы және шетел архивтерінде жатыр. Бірақ, олар жабық, барсаңыз бермейді. Оларда қазақтың отаршылық зардабын тартқаны жөнінде деректер мол. Онда императорлық деген құпия бөлім бар. Оған кіргізбейді, сондағы мәліметтерді алуымыз керек.

Ұлт тарихы түгенделеді. Осы ретте Ұлттық Архив 12 елмен келісім жасасқан. Арнайы құрылған топ жақын күндері іргелі зерттеулерді бастамақ. 

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:

Бұл жерде шамамен 350 мыңнан астам құжаттар сақталуда. Олардың ішінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында алыс-шақын шетелдердің архивінен жиналған құнды құжаттар бар. Таяу уақытта мұндағы құнды мәліметтер электрондық форматқа көшіріліп, әрбір адамға қолжетімді болмақ.

Жангелді Махашов, ҚР Ұлттық архиві директоры:

Бүкіл облыстағы, орталық архивтер болсын, барлық құжат цифрландырылады. 7 жылда бәрін қамтуымыз керек.

Төрткүл дүниенің сырлы сандығында жатқан қарадан бастап, ханға дейінгі қазақ тарихының ашылмаған мұраларын ғылыми өндіріске енгізу – қазір өзекті мәселе. Демек, мұрағатты түгендеуге жауапты мекемеге артылатын жүк жеңіл болмасы анық. 

 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу