Басты Жаңалықтар Сырдария өзені жыл сайын суалып барады

Сырдария өзені жыл сайын суалып барады

Сырдарияның деңгейі  тым төмендеп кетті. Бұрын соңды мұндай болмаған. Өзеннің арнасы тартылып, қала аумағында өзен жағасы тайызданып кеткен. Бүгінде қоғам белсенділері дабыл қағып, мамандар жағдай күрделі деп отыр. Егін маусымы аяқталғанымен дария толар емес.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Сырдарияның қорғаныс бөгетінен қарағандағы көрініс көңіл құлазытады. Адам бойламайтын терең өзеңнің қазір табаны көрініп, суы сирақтан аспай тұр. Ал қатты жел тұрса, шаң-тозаң ауаға көтеріліп, қаланың экологиялық ахуалына кері әсерін тигізуде.

Трансшекаралық өзеннің жоғары арнасынан түсетін болжамды су көлемі биыл 2 миллиард текше метрге азайған. Салдарынан Сыр өңіріндегі егінді аман сақтап қалу үшін мамандар жаз бойы Шардара су қоймасын сарқыды. Ал Қызылорда қаласы аумағынан бастап дарияның төменгі арнасы айтарлықтай тартылып қалды.

Сейітқасым Әбуов, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары:

Негізгі судың көлемі егіске пайдаланады ғой. Төменге қарай судың көлемі жылдың сулығына байланысты жүргізіледі. Былтыр осы уақытта Арал теңізіне 150 кубтың маңайында түсіп тұрғантұғын. Қазір 14-15 кубтың маңайында түсіп тұр секундына.

Яғни егін маусымында Сырдың төменгі сағасына өткен жылмен салыстырғанда 10 есе аз су жіберілген. Жалпы жағдай жылдан жылға күрделеніп барады. Себебі көрші елдерде халық саны ұлғайып, суға сұраныс артып келеді. Сондықтан аймақта өзен суын тек егінге ғана пайдаланып қоймай, Кіші Арал теңізін сақтап қалу мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. 

Болат Нұрқожаев, экобелсенді:
Вегетациялық кезең біткеннен бастап біз жоғарыдағы қоймаларды толтыра бастаймыз. Ертең Қызылордадан төмен қарай мұз қатып жатқан кезде ана жақтағы су қоймалары толады да біз оны бермен қарай жібереміз. Сол кезде ол су жайылады. Жалпы жоғары жақтан келетін судың көлемі белгілі соның бірсыпырасын төменнен бастап толтырса.

Ал қала аумағындағы өзеннің қайыр басқан табанын құмнан тазартып, суға толтыру үшін жергілікті билік тың жоба әзірлеп жатыр.

Ғалымжан Еркебай, облыстық табиғи ресурстар эәне табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

Үрлемелі су тоспасын салып, Сырдария өзенінің қала тұсын жазды күндері суды ұстап тұру үшін жоба жасалып, енді оны мемлекеттік сараптамаға ұсынылды.

Әзірге жобаны мамандар зерделеуде. Егер бұл бастама мақұлданса, келер жылы шаһарда Сырдария өзенінің деңгейін көтеретін үрлемелі су тоспасының құрылысы басталмақ.


Бөлісу