Теріскейдегі тарихи нысандар туралы ақпаратты смартфоннан оқуға мүмкіндік бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейдегі тарихи нысандар туралы ақпаратты смартфоннан оқуға мүмкіндік бар

19.11.2018

Теріскей тұрғындары мен қала қонақтары енді өңірдегі  кез келген тарихи нысан туралы ақпаратты смартфоннан оқи алады. Себебі, мұражайлар мен ескерткіштерге орнатылған QR-код осындай мүмкіндік беріп отыр. Өңірдегі цифрландыру жұмыстарының игілігі туралы тілші бейнематериалында.

 

Сағындық Сәбитұлы, тілші:  

Бұл - Солтүстік Қазақстандағы ең танымал нысандардың бірі, облыстық өлкетану мұражайы. Ары-бері өткен жұрт бұл ғимараттың ХІХ ғасырдың соңында салынғанын, коммерсант Аркельге тиесілі болғанын біледі. Ал, толық ақпаратты мына QR-код арқылы біліп көрейік. Жоғарғы қабатта қонақүй, төменде көйлектер дүкені орналасқан. Дәлелденбеген мәліметтер бойынша 1920 жылы 21 қарашада Мәскеу және Петроград жұмысшыларының аштыққа ұшырағанындығы жөнінде Калинин көмек сұрап сөз сөйлеген екен. Міне, осындай ақпаратты ешкімнен сұрамай-ақ өз телефоныңыздан оқи аласыздар. Мұнда мәліметтер қазақ және орыс тілдерінде берілген.

 

Колледж студенті Нұрахмет Ережепов бүгін облыстық өлкетану музейіне арнайы келді.  Гаджеттің қыр-сырын меңгеріп алған жастар -  цифрландырудың игілігін алғашқы болып түйсінгендердің бірі.

Нұрахмет Ережепов, студент:

Экскурсия барысында түсінбей қалсаң, естімей қалсаң, өзің смартфон арқылы біле аласың. Сонысымен ыңғайлы екен.

 

Бұл - мәдениет нысандарын цифрландыру бойынша атқарылған  жұмыстардың алғашқы парасы ғана. Тек мұражай ғана емес, театрлар мен мәдениет үйлеріндегі іс-шаралар туралы ақпаратты да ұялы телефон арқылы алуға болады.

Досбол Әбдрисов, СҚО Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары:

-«Заман таспасы» деген жоба жүзеге асырылып жатыр. Өңірдегі барлық мәдениет нысандары мен ескерткіштерге орнатылады. Заман талабына сай жасалған қадам.

 

Теріскейде бүгінде  9 музей, 600-ге жауық тарихи ескерткіш бар. Олардың барлығына да осындай  QR-код орнату жоспарланған. Осының арқасында өңір тұрғындары мен қонақтары қажетті ақпаратты еркін алатын болады.

 

Сағындық СӘБИТҰЛЫ 

Хабарламаларға жазылу