Басты Жаңалықтар Алматы облысының Ұйғыр ауданында ҚХА І сессиясы өтті

Алматы облысының Ұйғыр ауданында ҚХА І сессиясы өтті

«Ұлттар арасындағы келісім – мемлекет тұрақтылығының кепілі». Алматы облысы, Ұйғыр аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясына қатысушылар осылай дейді. Алғашқы жиынға қоғамдық бірлестіктер мен этнос өкілдері қатысты. Басқосуда еліміздегі халықтар достығын одан әрі нығайту бағыттары талқыланды.


Алғашқы отырыста Мемлекет басшысының тапсырмасына сай атқарылған жұмыстар жайы қаралды. Қатысушылар бірлік пен келісімді нығайту жолдарын саралады. Жастардың белсенділігін күшейту тетіктерін де тілге тиек етті. Сарапшылар «Ассамблеяның келесі сессиялары бұл жұмыстарды ширатуға мүмкіндік береді», - деп отыр.


Арлен Османов, аудандық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы:


Біздің аудан – көп ұлттар мекендеген жер. Ауданда этностардың бірге Қазақстанымыздың дамуына, тыныш өмір сүруіне, ынтымағына, бірлігіне осы біздің құрылған Ассамблея бір шаңырақтың астында бәріміздің басымызды қосып, алдымызға жол көрсетіп жүреді деп сенемін.


Ұйғыр ауданында 15-тен астам ұлт өкілі тұрады. Олар бір шаңырақ астында аймақтың дамуы үшін қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Тұрғындар бір-бірінің тілі мен дініне, мәдениетіне зор құрметпен қарайды, - дейді аудан әкімі Бота Елеусізова.


Бота Елеусізова, Ұйғыр ауданының әкімі:


Соңғы уақытта біз славян, өзбек этномәдени орталығын құрдық. Оның сыртында барлық халықтарға тең мүмкіндік жасалып жатыр. Президенттің берген тапсырмасына сәйкес Ассамблеяны құрдық және біз Достық үйін салуға жер бөліп, салуды жоспарлап отырмыз. Сол Достық үйі барлық Ассамблея жұмысының мәдени ошағына айналады.


Нысанда түрлі тақырыптағы кездесулер ұйымдастырылады. Өнер, мәдениет саласына кең қолдау көрсетіледі. Этнобірлестік өкілдері алдағы Ассамблея сессияларында 65 мыңға жуық тұрғыны бар Ұйғыр ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды жұмыстарды қолға алмақ. 


Нұрдәулет Сыздық


Бөлісу