Атырау мұнай өңдеу зауытына 80 жыл
Қазақ мұнай өңдеу саласының қара шаңырағы Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдығына орай кәсіпорын тарихы мен оның одан ары технологиялық даму жоспарларына арналған салтанатты шаралар өтті. Өнеркәсіптік кешенге Мәжіліс депутаттары, «ҚазМұнайГаз» басшысы, Энергетика вице-министрі, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарушы директоры және сала ардагерлері барды.
Зауыттың жүрегі саналатын осы қондырғы арқылы негізгі мұнай өнімдері
өңделеді. Тарихы кәсіпорынның іске қосылу уақытымен тікелей байланысты.
Өнеркәсіптік кешеннің мерейтойына арнайылып келген қонақтар қондырғының алдына
жиналып, ескерткіш тақтаның ашылуына қатысты.
Ардагерлер қойылған ескерткіш тақта мұнай өңдеушілердің барлық буынына көрсетілген құрмет дейді. Өйткені мұнда қазақ даласындағы алғашқы бензин алынған.
Жолдас Есқараев, ардагер мұнайшы:
45 жылы бензин мен керосинді бірінші осы цех берді. Бұрын бензин тек 66-76 болды. Қазір мына октандарын көтеріп жатыр.
Меймандар қайта жасақталған «Тарих және еңбек даңқы» мұражайында да болды.
Мұнда сирек кездесетін құпия құжаттар мен өндірістік құралдардың түп нұсқасы
қойылған. Тарихи деректерге қаныққан қонақтар кейін жаңғыртудан өткен аллеяға
барып, ағаш екті.
Батырхан Ықыласов, «АМӨЗ» ЖШС каталитикалық крекинг қондырғысының операторы:
Зауыт көп нәрсе берді маған. Осы жерде әйеліммен де таныстым. Құрмет тақтасына да кіргізді. Қасымдағы жұмыстастарыма рақмет айтамын. Солардың арқасында бәрі. Зауытыммен мақтанамын.
Ал Абай орталығында зауыттың мерейтойына арналған салтанатты шара
ұйымдастырылды. Жиын барысында еңбегі ерен 40-тан астам қызметкер «Еңбек
ардагері», «Мұнайгаз саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгілерімен,
сондай-ақ құрмет грамоталарымен марапатталды.
Жасұлан Төлеуов, «АМӨЗ» ЖШС күкірт және кокс өндірісінің үйлестірушісі:
Алдағы уақытта да көптеген жобалар жасалып жатыр. Сол жобалардың ортасында ұрпақ сабақтастығын жалғастыратын жаңа жас буын мен алдыңғы толқын ағаларымыздың жолын жалғап жүре берейік.
Зауыттың бас директоры Қуаныш Бишімов қонақтарға мерекелік медаль мен «Даңқ жолы. Суреттер сөйлейді» кітабын табыстады. Салтанатты шара одан әрі өңір жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Нұрсұлтан Нұрсейіт
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
