Тұтынушылардың 1,3 млрд теңге шығыны қайтарылды
Бейне қолжетімді емес
Жыл басынан бері тұтынушылардың 1,3 млрд теңге шығыны қайтарылды. Талапқа сай емес тауарлар айырбасталып, сапасыз қызметтер үшін өтемақы төленді. Мемлекет басшысы да өз жолдауында тұтынушылардың құқықтарын қорғау – әділетті қоғам қалыптастырудың басты шарттарының бірі екенін атап өткен еді. Президент тапсырмасына сәйкес, осы салада нақты шаралар қабылданып, заңнамалар жетілдіріліп жатыр.
Малика Құранбек осыдан 1 ай бұрын үйдегі кілемін тазалау мекемесіне тапсырған. Бірақ қызмет сапасы көңілінен шықпапты. 2 күннен соң кілем бүлінген, түсі өзгерген күйде қайтарылған. Ал тазалау мекемесі кеткен кемшілікті түзетуге құлықсыз болған көрінеді.
Малика Құранбек, қала тұрғыны:
Бұл – моральдік әрі материалдық шығын. Содан соң бірден интернеттен іздеп тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне жүгіндім. Оларға кілемнің жуғанға дейін фотоларын көрсеттім. Мамандар шағымымды қарап, қызмет көрсетуші тарапқа талап қойды. Сөйтіп 10 күн ішінде маған бүлінген мүлік орнына 140 мың теңге қайтарып берді.
Жыл басынан бері жауапты министірлікке 37 мыңнан астам адам арыз жазыпты. Кейбірінің сапасыз тауарға көңілі толмаса, енді бірі қызмет көрсету ісін сынға алған. Таяқтың екі ұшы бар екені анық. Дегенмен осылай өз құқығын талап ететін азаматтардың қатары артып келеді дейді, - мамандар.
Шәкірім Қайдар, ҚР Сауда және интерация министрлігі тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің сарапшысы:
Ең көп тұтынушылардың құқығы бұзылатын сала – бұл бөлшек сауда. Қарапайым күнделікті жасайтын сауда-саттық. Сіз бір тауар сатып аласыз, оны 14 күннің ішінде қайтарғыңыз келеді. Одан бір ақау шығады, кемшілік шығады. Алайда сатушылар одан бас тартып жатады. Одан кейін келесі сала – бізде электрондық сауда. Қазір әлеуметтік желі бәрі электрондық түрде дамыған. Алаяқтар өте көп. Осы электрондық салада да тұтынушылар құқығының бұзылғаны артып келеді.
Қазіргі таңда елімізде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» жаңа заң жобасы дайындалып жатыр. Алдағы уақытта бұл салаға омбудсмен институты енгізілуі мүмкін. Бұл тұтынушының құқығын қорғаудың жаңа тетігі болмақ.
Ернұр Медет
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
