Қазақ жазушыларының шығармалары корей тіліне аударылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ жазушыларының шығармалары корей тіліне аударылады

05.11.2018

Бұл туралы Сеулде өткен қазақстандық мәдени форумда белгілі болды. Шараны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған.

Қазақ әндері, суреттері мен кітаптары Сеулдегі мәдени форумның арқауына айналды. Қазақстанның осындай ауқымды шығармашылық тобы Кореяға алғаш келіп отыр. Мақсат - мәдениетіміз бен әдебиетімізді әлемге танытып, екі елдің байланысын бекемдеу.

Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылымдарының докторы:

- Олар Қазақстан туралы, жазушыларымыз туралы көбірек білгілері келеді. 

Форум барысында Қазақстан авторларының 40 туындысы Корей ұлттық кітапханасына табысталды. «Бұл қазақ әдебиетімен танысқысы келетін кореялықтар мен осындағы қазақ диаспорасының 1000-ға жуық өкілі үшін үлкен олжа болмақ», - дейді кітапхана қызметкері.

Ким Хе Рин, Корея ұлттық кітапханасының қызметкері:

- Бұл кітаптар қазақ бөлімін ашуға мүмкіндік береді. Қазір бізде осындай жеті шетел секциясы бар. Шығармалар корей тіліне аударылса, онда қазақ мәдениетімен одан да тез танысуға болады.

Назгүл Қарабаева, Оңтүстік Кореядағы Қазақ диаспорасының өкілі:

- Біздің оюлардың Кореяның оюларымен ұқсастықтары өте көп. Бізде жеті ата болса, Кореяда 8 ата болып отыр. Сондай ұқсастықтары өте көп.

Жиынға корейдің атақты актері Пак Си Нян да қатысты. Ол форумға талайғы арманын іске асыру үшін келіпті.

Пак Си Нян, актер, режиссер:

- Қазақстанның мәдениетімен кеңірек танысу үшін бүгінгі форумға әдейілеп келіп отырмын. Себебі, біздің осы бағытта, әсіресе, туыстық қарым-қатынастарда ұстанымымыз ұқсас. Осының негізінде, яғни, қос елдің дәстүрлі тұрмысына қатысты Қазақстанға барып, кино түсіргім келеді. Мен бүгін соның алғышартын жасадым деп ойлаймын.

Форум соңында тараптар қазақ пен корей жазушыларының шығармаларын екі тілге аударатын болып келісті. Оны қос елдің Жазушылар одағы мен Қазақстанның Кореядағы елшілігі бірігіп жүзеге асыратын болады. Мәдениет министрлігі мұрындық болған игі шара әрі қарай Лондон, Берлин және Нью-Йорк қаласында жалғасатын болады

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу