Енді несиені мерзімінен бұрын комиссиясыз өтеуге болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді несиені мерзімінен бұрын комиссиясыз өтеуге болады

25.08.2025

Келесі аптадан бастап несиені кез келген уақытта комиссиясыз төлеуге болады. Яғни, қарызды мерзімнен бұрын қайтарамын десеңіз, банктер айыппұл салмайды. Ол үшін қандай құжат жинау керек? Келісімшарт жасасқанда нені ескеру керек? 

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Қазір банктер несиені ерте өтесеңіз де, үстемақы төлеуді талап ете алады. Мәселен, 2 миллион теңгені 20 пайызбен 1 жылға алдыңыз делік. Бірақ оны мерзімінен бұрын қайтарғыңыз келсе, банк сол 20 пайызды қалған айлардың бәріне айыппұл ретінде төлеуге міндеттейді. Бұл шамамен 160 мың теңге. Осылайша, түптеп келгенде банк әуелде көздеген табысын алады. Ал сізге несиені ертерек төлегеннен пайда жоқ. Бірақ 31 тамыздан бастап бұл талап жойылып, алдағы дүйсенбі күшіне енеді.

Айбар Олжай, экономист:

Енді қаржы нарығындағы жағдай жақсара түседі және азаматтар несиені ерте жабуға тырысады. Банктерге бұл кішкене қиындау тиеді. Бірақ оларда қазір онсыз да кредиттік проценттер өте жоғары, жақсы табыс тауып отыр.

Несиені мерзімінен бұрын өтеу үшін банкке барып, келісімшарт жасасу керек. Оған дейін ақшаны салып жібермеңіз. Әйтпесе бұрынғыдай үстемақыны төлеуге тура келеді. Келісімшартты мұқият оқып, тек «қарызды уақытынан бұрын төлеу» деген жазбаның жанына қол қойыңыз. Бұдан соң банк сізге жаңа төлем кестесін береді.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Әдетте негізгілерін, қашан төлеу керек екеніне көңіл бөлеміз де, ал енді майда-майда жазылған ескертулерге көбіне көңіл бөлмейміз. Осындай нәрселерге халық үйрене беруі керек. Сосын мынадай қызық нәрсе бар, банктер бастапқы жылдарда көп төлейтінді соңғы жылдарға жылжытады. Негізі бастапқы жылдары көбірек төлеп, сосын ай сайын азайып отыру керек қой. Ал олар теріс етіп қояды. Сосын ай сайынғы төлеп өсіп кеткен сияқты болады.

Кей қаржы ұйымдары пайдадан қағылып қалмау үшін түрлі ұсыныс айтып, райыңыздан қайтаруға барын салуы мүмкін. Бірақ ол тұрғындарға қай жағынан да тиімсіз болады, дейді сарапшылар. Мәселен: «Қарызды түбегейлі төлемей-ақ, жарты сомасын өзіңізге алып қалсаңыз да, ай сайын аз төлейсіз», - деп көндіруі мүмкін. Мұндай жағдайда банк іс жүзінде жалған сөйлеп тұрған жоқ. Шынымен ай сайынғы төлеміңіз азаяды. Алайда үстемақыны сол күйі төлейсіз. Сондықтан қаржыгерлер өзіңізге тиімді тұсын әбден зерделеп, шешім қабылдауға шақырады.

Жанел Нұрболатқызы


Хабарламаларға жазылу