Ақтөбе облысында әйгілі би Мөңке Тілеуұлының рухына құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында әйгілі би Мөңке Тілеуұлының рухына құрмет көрсетілді

24.10.2018

Тарихи тұлғаға тағзым! Ақтөбе облысында дала философы атанған әйгілі би Мөңке Тілеуұлының рухына құрмет көрсетілді. Шалқар ауданындағы би аты берілген ауылда оның ескерткіші ашылды. Тұғыры екі метрден асады. Туындыны жасауға ауылдан шыққан кәсіпкерлер қолдау көрсеткен. Иісі қазаққа ортақ тұлғаның құрметіне арналған іс-шараларға меймандар еліміздің түкпір-түкпірінен келді. Олар ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстарды тамашалады. Сондай-ақ, Мөңке бидің өмірі мен ұлт тарихынан алар орнына арналған ғылыми конференция ұйымдастырылды. Ғалымдар тарихи тұлғаны әлі де тереңірек зерттеу керек деген пікірлер айтты.  

Жұбаназар Асанов, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- Ғылыми тұрғыда талдап, Мөңкетану ғылымын қалыптастыруға күресіп жатырмыз. Оңай емес, алда талай проблемалар бар. Мөңкеге байланысты жұмыстар көп. Мөңке бір жағынан жырау, оның екі толғауы сақталған. Сол екі толғауының өзі қандай жырау екенін анықтайды. Бұқар жырау, Үмбетей жыраулардың қатарында тұруы керек. Мектеп бағдарламасына енгізілуі керек, жоғары оқу орнында оқытылуы керек деп есептейміз.

 

Жақсылық КЕМАЛ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу