Енді банктен алған несиені кез келген уақытта комиссиясыз қайтаруға болады. Жаңашылдық 31 тамыздан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері айтты. Осыған дейін банктер қарызды мерзімінен бұрын өтеу үшін қосымша ақы алуға, айыппұл енгізуге құқылы болатын. Мәселен, бір жылға алынған несиені, алғашқы алты айда қайтарсаңыз айыппұл салынатын. Бұл ереже бәріне қарызын ерте қайтаруға кедергі келтіретін. Бұдан бұлай мұндай шектеулер тек заңды тұлғаларға ғана қолданылады. Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің бас маманы өзгеріс азаматтардың кредит тарихын жақсартуға мүмкіндік береді, дейді. Сонымен қатар отбасылық бюджетке түсетін салмақ та жеңілдейтінін жеткізді. Дегенмен, мамандар шешімді қаржылық жағдайға қарап қабылдауға кеңес береді.
Ғаділбек Әкім, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің бас маманы:
Кредиттің түріне байланысты, яғни тауарлы кредит алатын болса азамат, онда оның шарттары бөлек. Ал егер де авто несие, ипотека алатын болса оныкі тағы да басқаша. Сондықтан кредитті алған уақытта басынан бастап анықтап алған дұрыс.
Асылбек Данияр
