Талғарда жасөспірім Шерзат Полаттың өлімінен кейін есімі жиі аталған Хасан Қасымбаевтың соты өтіп жатыр. Оған адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау баптары бойынша айып тағылған. Істе Қасымбаевтан бөлек, тағы бес айыпталушы бар. Сот отырысы өтіп жатқан Талғардан әріптесім Қуан Нұрақын тікелей эфирге қосылды.
Қуан Нұрақын, тілші:
Бүгінгі сот отырысында прокурор Қасымбаевтың жеке адамға және мүлікке қарсы ауыр қылмыс жасағанын айтып, айыптау актісін оқыды. Алайда Хасан Қасымбаев өзіне тағылған айыптардың біреуін де мойындаған жоқ. Ал Әлиев пен Қалымжанов бұзақылық жасағанына ішінара келіскенімен, өзге баптар бойынша кінәлі емеспіз деді. Айыпталушылар Ақтанов, Асқаров және Сұлтанбеков те өздеріне тағылған айыптарды толықтай теріске шығарды. Прокурордың сөзінше, Қасымбаев қылмысты сыбайластарымен бірге жасаған.
Ерлан Құланбаев, прокурор:
Тергеу деректеріне сәйкес, Қасымбаев және сыбайластары кәсіпкер Әріпжан Тәжиевтен ақша бопсалау мақсатында күш қолданған. Олар жәбірленушіні алдап алып шығып, соққыға жығып, 1 миллион теңге талап еткен. Салдарынан Тәжиев ауыр жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген.
Қуан Нұрақын, тілші:
Сондай-ақ сот залында 2020 жылы Қасымбаевтың ұйымдастыруымен тағы да топтасып шабуыл жасағаны айтылды. Прокурордың сөзінше, жәбірленуші Әлімовты дүкен маңында соққыға жығып, кейін оны көлікпен алып кеткен. Оны ауыл сыртына апарып, бейнекамераға түсіріп, ұрып-соққан. Сараптама қорытындысы бойынша, жәбірленушінің көру қабілеті нашарлап, жалпы еңбекке жарамдылығын 30 пайызға жоғалтқан. Айта кетсек, Қасымбаев былтыр қарашада үш жыл бұрынғы қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен қамауға алынған. Бұл қылмыстық істің 2021 жылы жасалғаны айтылған еді.
Қуан Нұрақын
