Жыл соңына дейін 100 теміржол вокзалының жаңғырту жұмыстары аяқталады. Тағайындалғанына тура 20 күн болған көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Премьер-министр Олжас Бектеновке осылай деп есеп берді. Бүгін Үкіметте теміржол саласын жаңғырту мәселелері қаралды. Сондай-ақ биыл мерзімінен бұрын екі ірі жоба аяқталмақ. Олар «Достық – Мойынты» және «Алматы айналма теміржолы». Үкімет отырысынан Самал Қабышеваның бейнематериалы.
Самал Қабышева, тілші:
2030 жылға қарай еліміздің темір жол саласы толықтай жаңғырады. Теміржол желісінен бастап, локомотив, вагон барлығы жаңарады. Қазір теміржол желісінің жалпы ұзындығы 16 мың шақырым. Оның 57 пайызы тозған. Яғни жартысынан көбі. Осы жолдардың 11 мың шақырымы жөнделіп, 5 мың шақырымы жаңадан салынады. Бұл жұмыстар 2029 жылға дейін орындалады деп жоспарлануда.
Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:
Қазіргі кезде 5 жоба бойынша жаңа құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Олар: «Достық – Мойынты», «Алматы айналма теміржолы», «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» және «Бақты – Аягөз». Осы жылы мерзімінен бұрын екі ірі жоба аяқталады: «Достық – Мойынты» учаскесі және Алматы айналма теміржолы.
Қазақстандық пойыздарға Илон Масктың «Starlink» интернеті орнатылады Қазақстандық пойыздарға Илон Масктың Starlink интернеті орнатылады. Жоспарды Цифрлық даму министрі жеткізді. Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Starlink қазірдің өзінде «Астана-Бурабай» бағытындағы пойыздарда пилоттық режимде қолжетімді. Алдағы уақытта ауқымы кеңейе бермек. Теміржол саласын цифрландыру мақсатында автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу, ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстары да жалғаса бермек.
Транзиттік теміржол тасымалының әлеуеті де жыл санап артуда. Соңғы 10 жылда тасымал көлемі екі есеге артқан. Былтыр 27 млн тоннадан асса, биыл 33, ал алдағы 10 жылда 100 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Бизнес мемлекет аралық өткізу бекеттерінде жүктердің тұрып алу проблемасымен кезігіп отыр. Көлік, Қаржы министрліктері, ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, шекарада жедел әрі, сапалы мемлекеттік қызмет көрсету жөнінде шаралар қабылдау қажет.
Теміржол саласына жасанды интеллект технологиялары енгізіледі
Самал Қабышева, тілші:
Үкімет басшысы Олжас Бектенов теміржолға жасанды интеллект технологияларын енгізуді тапсырды. Мақсат – апаттық жағдайдарды алдын ала болжауға мүмкіндік алып, темір жол саласындағы мәселелерді дер кезінде шешіп, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау.
Самал Қабышева
