Қостанай облысының ауылдары жыл соңына дейін 100 пайыз сумен қамтылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының ауылдары жыл соңына дейін 100 пайыз сумен қамтылады

18.08.2025

Биыл Қостанай облысында 492 елді мекеннің 37-не су тартылады. Солардың бірі - Бейімбет Майлин ауданындағы 400-ге жуық тұрғыны бар Николаев ауылы. Биыл мұнда орталықтандырылған су жүйесі өткізіліп жатыр. Бұған дейін тұрғындар құдықтың ащы суын тұтынып келген еді.

Берік Таңжарықов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары:

Облысымыз республикамыздың ішінде сумен қамтамасыз ету бойынша ең соңғы орынды алушы еді. 90,2 пайызды құраушы еді. Қазіргі таңда 37 нысан іске асырылатын болса, 100 пайызды қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Мердігерлер құрылыс материалдарын нысандарға жеткізіп, су сорғыштардың орнатылып, қосылу жұмыстары қалуда.

Бүгін Мәжіліс депутаттары өңірге келіп, жұмыс барысымен танысып қайтты. Жоба құны – 1 млрд 118 млн теңге. Қайтарылған активтер қаражатына салынып жатыр. Мерзімге сәйкес, жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Қазір үй-үйге құбырлар тартылып, жұмыстың 80 пайызы дайын тұр. Тек су сорғыштарды орнатып, электр жүйесіне қосу ғана қалған. Жалпы биыл облыста бұл мақсатқа 32 млрд теңге жұмсалған.

Еркін Әбіл, Мәжіліс депутаты:

Ауыз су мәселесі тек қана әлеуметтік мәселе емес, бұл - кешенді мәселе. Бұл қауіпсіздік мәселесі, медициналық мәселе, экономикалық мәселе. 100 пайыз деп жатырмыз. Бұны дұрыс түсіну керек, бірінші кезең аяқтаймыз, бүкіл ауылға су әкелеміз, енді келесі қадам – әрбір үйге су керек.

Мәдина Нағашыбай

Хабарламаларға жазылу