«Қаржыгер. Шығу ойыны» фильмі жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қаржыгер. Шығу ойыны» фильмі жарық көрді

03.10.2018

Елімізде қаржылық сауаттылық тақырыбына арналған алғашқы фильм көрермендерге жол тартпақ. «Қаржыгер. Шығу ойыны» деп аталатын кинода  осы заманға сай жаңа кәсіп иелері, яғни, брокерлердің өмірі суреттелген. Сондай-ақ, экономикалық дағдарыс кезінде кәсіп көлемінің айналымын қалай ұлғайтуға болатындығы көрсетіледі.

«Қаржыгер» фильмінде тура қазіргі өмір көрініс тапқан. Руслан есімді жас жігіт Таир атты бала кезгі досының арқасында брокер атанады. Қаржылық биржа әлеміне тап болған жас маман түрлі қиындықтарға кездеседі. Өйткені, ол бұл салада сенім мен достық емес, ақша және табыстың бірінші орында екендігін алғашында аңғармайды.

Елена Лисасина, «Қаржыгер. Шығу ойыны» фильмінің режиссері:

-Фильмді түсіру барысында өзіміз де қаржылық сауаттылық курстарына қатыстық. Өйткені, қаржы тақырыбы өте қиын. Сондықтан, қаржы мәселелері, оның терминдерін көрермендерге барынша жеңіл түрде жеткізуге тырыстық.

Қаржы тақырыбындағы мәселелерді ашып көрсету үшін Алматыдағы «Темір жол зауыты» нақты мысал ретінде алынған. Сол кәсіпорынды дағдарыс кезінде банкроттан сақтап қалу үшін түрлі шаралар қолданылады.

Ерболат Байғанин, «Қаржыгер. Шығу ойыны» фильмінің бас продюсері:

-Біз зауыттың акциялары мен облигацияларын сату арқылы қалай қаржылық қиындықтан шығуға болатындығын көрсетеміз. Бұл кәсіппен айналысқысы келетін әрбір азаматқа жігер, яғни, «мотивация» береді, деп ойлаймыз.

Фильмде тек қаржы тақырыбы емес, сатқындық пен сенім мәселесі де көтеріледі. Сондай-ақ, осы өмірде ақша әлде адалдық маңызды ма деген сұрақтар төңірегінде философиялық көзқарас ой түрткі болады.

Фильмнің алғашқы көрсетіліміне қатысқан қонақтар жақсы қабылдады.  Өйткені, осы заманға сай музыкалармен көмкерілген кинокартина динамика мен күтпеген режиссерлық шешімдерге толы. Әзірге, тек орыс тілінде. Алдағы уақытта қазақ және ағылшын тілдеріне аудару жоспарда бар. Ал, фильм ертеңнен бастап ел кинотеатрларында көрсетіледі.

Амангелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу