Каспий теңізінің экологиясын кешенді зерттеуге Үкімет резервінен 305 млн теңге бөлінді. Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Қаражат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтына» беріледі. Бұл мекеме балық қорын бағалап, оларды сақтау әдістерін әзірлейді, теңіз итбалықтарының жаппай қырылу себептерін анықтайды. Сонымен қатар Каспийдің гидрологиялық үдерістерін зерттеп, су деңгейін бақылаумен айналысады. Климаттың өзгеруін және оның экожүйеге әсерін талдайды. Сонымен қатар теңіздің су сапасы мен биологиялық алуантүрлілік зерделенеді.
Қуаныш Берішбаев, «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» КеАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
Үкімет резервінен бөлінген қаражат спутниктік мониторинг, гидрогеология, гидрохимия зертханаларында талдау-зерттеу жүргізуге сонымен қатар институттың алдында қойылған басқа да міндеттерді орындауға ықпал етеді.
Шерхан Жамбылұлы
