Маңғыстауда Жыңғылды елді мекеніне «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас дәрігер келіп, тұрғындар қуанып жатыр. Себебі елді мекенде бұған дейін маман болмаған. Тұрғындар аудан орталығына немесе Ақтау қаласына қатынап, емделген. Ал жалпы тәжірибелі дәрігер Ардақ Әділбекова 3 айда-ақ ауылға үйреніп, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып үлгерген.
Ардақ Әділбекова – Қарағанды облысының тумасы, бірақ Ақтауда өскен. Батыс Қазақстан медицина университетін былтыр бітіріп, Ақтаудағы №2 емханаға жұмысқа тұрған. Отбасылы болған соң, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы туралы анықтап, Жыңғылды ауылының хабарламасын байқаған. Дереу бас дәрігерге хабарласып, жұмысқа келуге ниет білдіріпті.
Ардақ Әділбекова, Жыңғылды ауылдық дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері:
«Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келгеннің бір жақсысы, барлығымен қамтамасыз етіледі. Үймен қамтамасыз етеді. Енді мен бала-шағаммен жолдасыммен келгеннен кейін жолдасыма да жұмысты қамтамасыз етілді. Екі баламды да балабақшамен қамтамасыз етті. Ауылда жұмыс жасаған керемет. Айналдырған 2 500 тұрғынымыз бар, барлығымен танысып, бірге жұмыс жасау өте ыңғайлы.
Жас маман отбасымен бірге қазір қызметтік үйде тұрып жатыр. Әкімдік көп ұзатпай жеке тұрғын үймен қамтамасыз етуге уәде еткен. Ал Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан дәрігерге 8,5 млн теңге үстеме ақы төленеді.
Ауыл тұрғыны Баянғали Төлеубайұлы қан қысымының жоғарылығымен есепте тұр. Жүрегіне екі рет ота жасалған. Зейнеткер дәрігерге жиі қаралып, тегін дәрі-дәрмек алып отырады.
Баянғали Төлеубайұлы, ауыл тұрғыны:
Бұған дейін ауданнан бір терапевт келіп, аптасына бір күн, екі күн сол қызмет жасап жүрді. Енді осы 3 айдай болып қалды ғой Ардақ дейтін баламыз келіп, осы жерде өзінің дәрігерлік қызметін жүргізіп жатыр. Жалпы ел осы Жыңғылдының халқы бұл дәрігерімізге Ардаққа риза деп ойлаймын. Келген уақытта сол қарап, қолдарынан келген көмегін жасап жатыр.
Ауруханада дәрігерге ризашылық білдірген тұрғын көп болды. Кейбірі жас маманның жұмысына кедергі жәйттерді де айтты. Мәселен, ғимарат ескірген. Интернет байланысы нашар.
Сақтаған Шаңбасов, ауыл тұрғыны:
Электрондық үкімет деп жатырмыз ғой, мына база ашылмайтын ауруымыз бар. Ол мынаған да байланысты, осы арада база ашылмаған, ана жаққа біз жолдама алайық десек, қабылданбайды ғой енді. Интернеттің желісін, арттыру керек. Сонда біздің дәрігерімізге көп көмек болар еді.
Дәрігер ауылдықтармен таңғы 8-ден кешке дейін байланыста отырады. Үй-үйді аралап, балаларды, жүкті әйелдер мен есепте тұрған науқастарды қарайды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, былтыр облысқа 44 жас маман келген. Соның 13-і «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауылдарда жұмыс істеп жатыр.
Аягөз Оралбайқызы
