Мыңкөлдегі медпункттің құрылысы аяқсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мыңкөлдегі медпункттің құрылысы аяқсыз қалды

01.08.2025

Павлодар облысы, Железинка ауданы, Мыңкөл ауылында салынып жатқан медпункт құрылысы ақыры аяқсыз қалды. Себеп - құрылыс сапасыз. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тексеріс жүргізіп, мердігерді лицензиясынан айырып тынды. Әрі техникалық және авторлық қадағалаушы сарапшылардың аттестатының күшін жарты жылға жойды. Естеріңізге сала кетейік, құрылыстың сапасы мен мерзімінде аяқталуына жергілікті тұрғындар күмән келтірген еді. Бұл мәселе Ұлттық телеарна жаңалықтарында көтерілді. Ізінше «AMANAT» партиясы бақылауды өз құзырына алған болатын. Тіпті, екі ай ішінде, яғни шілденің біріне дейін нысан тапсырылады деп жоспарланды. Құрылысқа тапсырыс берген мемлекеттік мекеме енді жаңа мердігер іздемек.

Асқар Ажмұрат, облыстық Құрылыс басқармасының басшысы:

Біз бірнеше рет ескерту жасадық. Мердігер жұмысты аяқтаймын деп уәде бергенімен, міндетін орындамады. Сондықтан шартты бұздық. Енді қайтадан сатып алу рәсімдерін жүргіземіз. Жақсы мердігер табылса, қалған қаражат есебінен нысан толық аяқталады.

Үкіметтің «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында медициналық нысанның құрылысына 140 млн теңге бөлінген. Алайда қыруар қаржыға бағаланған амбулатория қашан ашылары нақты белгісіз.

Болат Аманбай

Хабарламаларға жазылу