Жамбыл облысында тонналаған қарбыз алқап басында бұзылып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында тонналаған қарбыз алқап басында бұзылып барады

01.08.2025

Жамбыл облысы былтыр тонна-тонна қызылшаны шірітіп алса, биыл бітік шыққан қарбызы дәл солай далада құрып барады. Өнімді өткізетін жер жоқ деп шаруалар шырылдап отыр. Талай жылдан бері бақша өнімі бренд болған Бостандық ауылында қазір жағдай қиын. Жерден өнген жемісі күн астында сарғайып, жұлынбаған күйі жарамсыз болып қалған. 

Дәл осылай даурыққан дихандар егіс басындағы еңбегіміз еш кетті дейді. Талас ауданы, Бостандық ауылындағы 10 шаруа бірігіп, көктемде қарбыз еккен. Шілде ортасында шырынды жемісті сатпақ болғанда сұраныс болмай қалады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Міне, қалың біткен қарбыз өнімі мына 25 га алқапта аяқ асты болып жатыр. Күн көзінен сарғайып, шыбын үймелеп, шіріп барады. Шаруалар 2 мың тонна өнім жинағанымен оның тек 200 тоннасын ғана сатып үлгерген. Ал қалған қарбыз жерде жайрап, жеуге жарамайды.

35 жылдан бері бақша баптаған Қамбарбек Тұрсынбеков биыл 3 гектарға қарбыз егіп, 3 млн теңге шығын шығарған. Тамызда табысқа кенеліп, 7 млн теңге табамын деген жоспарым тас-талқан болды дейді. Ол бұған дейін өз өнімін сырт елдерге сатып келген. Қазір шетелге шығаратын мүмкіндік жоқ. Енді алқап басындағы ағайын бақша өнімдерін егетіндерге жергілік биліктен жәрдем болса дейді.

Қамбарбек Тұрсынбеков, Бостандық ауылының тұрғыны:

Көктемде үлкен ынтамен кірісесің, бірақ қарбыз өтпей қалса, үйге баруға да бет болмай қалады. Талапты мен Бостандық ауылдарында әр үй кемінде 1-2 гектардан егеді. Таластың жағасында отырған осы жұрт қолдау болмаса, еңбегі далада қалады да, келесі жылы екпей қояды. Ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудандық жауаптылардың да бұл іске көңіл бөлмейтіні қынжылтады. Қарбызды кім, қайда сатып жатқаны ешкімді қызықтырмайды.

Ал Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары аймақта неше адам бақша өнімдерінмен айналысатынын білмейтін болып шықты. Есептеуге енді кіреспек. Ал Кәсіпкерлік басқармасы болса, жерде қалған жемісті сатуға тек келер жылы көмектеспек.

Бақытжан Орынтаев, облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы:

Кәсіпкерлер өнімін тікелей жеткізсе, сауда желілерімен шарт жасасып, бағасын белгілеп сата алады. Сауда желілері бұл бағытта жұмыс істеуге дайын. Базардан ешкім қуып жібермейді, тікелей сатуға да рұқсат. Өз көліктерімен келіп, өз бағасымен сауда жасауға болады.

Басқарма тарапы биылғы өнімді өткізу жағын шаруалардың өздеріне қалдырды. Өйткені жемістерінің жартысын көбі жеуге жарамсыз. Олар кәсіпкерлерді тек келер жылы келісімшартқа отыруға шақырып отыр. Алдын ала берілген өтініштен кейін әлеуметтік базарлардан тегін орын қарастырмақ.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу