Ресейде 7 мың қандастың басын қосқан құрылтай өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде 7 мың қандастың басын қосқан құрылтай өтті

31.07.2025

Ресейдің Түмен облысында қазақтардың құрылтайы өтті. 7 мың адам жиналған шарада өзекті сұрақтар көтерілді, мәдениетіміз ұлықталды. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыс ұйымдастырылды.

Түмен қазақтарының құрылтайы осымен 29 рет өткізілді. Оған тек қала емес, шалғай аудан, ауылдардан да қандастарымыз ат терлетіп келді. Өйткені бұл күні өткенге есеп беріліп, болашаққа жоспар айқындалады. Басты мақсат – салтымызды сақтап, дәстүрді дәріптеу.

Халел Омаров, Түмен облысы Есіл қаласы мен Есіл ауданы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы:

Ресейде тұратын қазақ халқы өз мәдениеті мен салт-дәстүрін жақсы сақтап келеді. Ең қиын болғаны – балаларымыздың қазақ тілін білмеуі еді. Қазір қазақ тілінде мектеп ашылып, балаларымызға ана тілін үйретуге мүмкіндік туып отыр.

Валерий Целых, Түмен облысының тұрғыны:

Мен – Қазақстанның тумасымын. Алыста жүрсем де, жыл сайын құрылтайға қатысамын. Бұл маған Қазақстандағы керемет, жылы сәттерімді еске салады. Қазақтың дәстүрі ғажап қой. Сағынған соң, ұлттық мерекелерден қалыс қалмаймын.

Соңғы жылдары өңірде қазақ ұлттық ансамбльдерінің саны артты. «Жаңа ұрпақ», «Мұра», «Гүлдер» шығармашылық ұжымдары қазақтың өнерін насихаттап жүр. Домбыра үйірмесі жұмысын жандандырып, жастардың қызығушылығына ие. Құрылтайда көркемөнерпаздар өз өнерін паш етті.

Есенғали Ыбыраев, Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының президенті:

Бүгінде қазақтардың құрылтайы сан түрлі ұлтты біріктірген үлкен мерекеге айналды. Біз әр отбасыда қазақ мәдениетін дәріптеп, дәстүрді жаңғыртамыз. Сондай-ақ ана тілімізді терең меңгеруге ерекше мән береміз.

Жалпы Түмен облысында 20 мыңға жуық этникалық қазақ тұрады. Түмен төріндегі тойда ақ дастархан жайылып, ағайын жұрт мәре-сәре болды. Ал қандастардың құрылтайын өзге де өңірлерде өткізу жоспарда бар.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу