Елімізде ЛГБТ насихатына тыйым салынуы мүмкін. Былтыр біржыныстылықты ашық әрі жасырын түрде жарнамалайтындарға қарсы петиция көптің қолдауына ие болған еді. Содан соң бұл мәселе төңірегінде кешенді зерттеулер жүргізіле бастады. «Стратегия» қоры жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сай, респондеттердің 80 пайызға жуығы анайы бағыттағы контент жасөспірімдердің санасын улап, қоғамға қауіп төндіреді деген. Сарапшылар да дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды мультфильм, кітап және сериалдар арқылы символдық түрде қалыпты етіп көрсету балалардың дүниетанымына кері әсер етеді деп отыр. Сондықтан олар ішкі күйзеліске жиі түседі. Ал, «Kazakhstan Kids Online» жүргізген сауалнамаға жауап берген ата-аналардың 62 проценті баласының экран алдындағы уақытын мүлде бақыламайтын көрінеді. Талдау қорытындысына сәйкес, мамандар мен қоғам белсенділері қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру үшін ЛГБТ насихатына заңмен тыйым салуды ұсынып отыр. Әлем елдері де деструктивті контентке қарсы күрес жүргізіп жатыр. Польша, Литва, Венгрия, Қырғызстан және Грузия секілді мемлекеттерде ЛГБТ насихатына заң жүзінде шектеу қойылған.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бүгінгі зерттеулердің, сарапшылардың тұжырымы бойынша, бұл ЛГБТ насихаты қоғамға, оның ішінде жастарға кері әсерін беріп отыр. Біз тек тиым салып қоймауымыз керек. Кім егер де осы тиымды бұзып, әлеуметтік желіде немесе бұқаралық ақпарат құралдарына немесе басқа да бір кітап болсын, кино болсын жанама түрде жарнамалайтын болса оған тек әкімшілік құқықтық жауапкершілік емес, қылмыстық та жауапкершілік қаралу керек деп есептеймін.
Ернұр Медет
