Қызылорда қаласында Астананың мәдени күндері басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда қаласында Астананың мәдени күндері басталды

11.09.2018

Бүгін Қызылорда қаласында Астананың мәдениет күндері басталды.  Елордадан келген  арнайы делегацияны Сыр жұртшылығы ерекше ықыласпен, зор қошеметпен қарсы алды.

Бұл - Сарыарқа төрінен келген  қонақтарға құрмет. Сыр сүлейлерінің сарқыты, жалынды жырдың жақұты белгілі жыршы Айдос Рахметов Қызылорда халқының ықыласын  жырмен жеткізді. Түйдек-түйдек төгілген шумақтар  қара домбыраның үнімен астасып, мағыналы ой салады. Астаналық өнерпаздар дән риза.

Нұрбол Балапанов, концертті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі:

-Осы үлкен шара Батыс Қазақстаннан басталған еді, бүгінгі таңда Сыр еліне келіп отырмыз. Осы сәтті пайдаланып Қызылорда қаласының 200 жылдық мерекесімен құттықтағым келіп отыр.

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірде өнерге деген құрмет ерекше.  Қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетінің қазығы Сыр елінде қағылды. Бұл алтын кезең Қызылорданың астана болған жылдарымен сәйкес келеді.  Шежірелі өңірдің халқы өнердің бағасын бағамдай біледі. Сондықтан, киелі өлкеге табан тіреген өнерпаздар жауапкершілік жүгін сезінеді. Астаналық  делегация да үлкен дайындықпен келген. 

Лаура Мұқаева, Астана мемлекеттік академиялық филармониясының  эстрадалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

-Астана қалалық мемлекеттік академиясының «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, «Шалқыма» халық-би ансамблі, халық және эстрада бөлімінің әншілері және біздің қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары өнер көрсететін болады.

Елорданың 20 жылдығы аясындағы шара үш күнге жалғасады. Елордалықтар Сырдың кішкентай бүлдіршіндеріне «Мәңгілік бала бейне» спекталін сахналайды. Сондай-ақ, «Ақ тілекпен, Астана» атты көрме ұйымдастырылады. Экспозицияға отандық танымал суретші, мүсіншілердің 100-ден астам туындылары қойылады. Мәдениет күндері  гала-концертпен қорытындыланады. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу