Жамбылдық жол сақшылары осылай жүргізушілердің ұйқысын ашып, қолына су құйып жүр. Өйткені көлік қарасы қалың автодәліз бойында тізгіндегі адамдар қалғып кетпеуі керек. Өйткені Жамбыл облысында жыл басынан бері жол апаты былтырмен салыстырғанда 20 пайызға өскен.
Алты айдың ішінде 900-ден аса жол апаты болып, 84 жолаушы қаза тапты. Ал 1380 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Оқыс оқиғаның көбі республикалық маңызы бар тас жолдарда таңғы сағат 4 пен 6-ның аралығында болады. Күні кеше «Тайота Альфард» көлігі экскаватормен соқтығысып, 4 жолаушы қаза болып, екеуі ауруханаға жатқызылды. Ізінше тағы бір көлік иесі рөлді басқара алмай 2 адам көз жұмды. Сондықтан полиция ұйқы ашар акциясын өткізуді жөн көрген.
Жүргізушілердің сергектігі мен сақтығына алаңдаған полиция аймақ бойынша жүргізушілерді тоқтататын бекеттерді көбейткен. Онда осылай салқын су ұстаған сақшыларды жиі көресіз. Сондай-ақ полиция көлік жүргізушілеріне құлаққап таратып жатыр. Ұйқыашар құрылғы жүргізуші еңкейген сәтте дыбысты діріл шығарып, қалғығанды оятады. Ал оның қуаты бір тәулікке толық жетеді.
Бауыржан Жанаев, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары:
12 жолды тарылту бекеттерінің мақсаты - түнгі сағат 00:00 мен таңғы сағат 9:00 аралықтарында ұйықтап кетпеу мақсатында жүргізушілерді тоқтатып ескертіп, жол жүру ережелерін қатаң сақтау туралы және ұйқысы келген жағдайда тоқтап, демалып алуға шақырып ескертудеміз. Мұның барлығы жол көлік апаттарына ұшырап қалмай жол ережелерін қатаң сақтауға бағытталған шаралар.
Данияр Әлімқұл
