Елімізде тұтынушы мен кәсіпкер арасындағы дау-дамай азаяр емес. Шағымдар көбіне туристік агенттіктер мен әуе билеттерінен бастап, дәстүрлі және онлайн сауда, байланыс пен тұрмыстық қызмет көрсету салаларына қатысты түседі. Осыған байланысты жаңа заң жобасы әзірленді. Құжатта қандай өзгерістер қарастырылған? Жаңа ереже кәсіпкер мен тұтынушының мүддесін қалай қорғамақ?
Елде тұтынушылар тарапынан жиі сынға ұшырайтын қызметтің бір түрі - Туристік агенттіктер. Егер азамат сапарға шығудан бас тартқан жағдайда, ақша толық қайтарылмайды. Ал қаржыны толық қайтару сирек жағдай. Себебі, әр компанияның өз ережесі бар.
Жансая Акетаева, туризм менеджері:
Бұл әр күнге байланысты. Мысалы, 15 күн бұрын бас тартса, ол кезде 30 пайыз ұсталады. Ал егер 7 күннен аз уақыт қалғанда болса, онда толық 100 пайыз ұсталады. Бірақ саяси немесе форс-мажорлық жағдайларда, әрине, туроператор турдың толық қаражатын қайтарады.
Алдағы уақытта әр агенттіктің ережесі болмайды. Сауда министрлігі заң жобасын әзірледі. Соған сай, агенттік тек жолдаманың 30% ғана ұстай алады. Қалғанын тұтынушыға қайтаруға міндетті.
Серік Құсайынов, ҚР СИМ тұтынушы құқтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
Өз міндеттемелерін дұрыс орындамаған жағдайда енді өзгеріс енгізіледі. Бұрын тек ескертумен шектелетінбіз, енді айыппұл салынады. Айыппұлдың мөлшері шағын кәсіпкерлерге – 10 АЕК, орта бизнеске – 15 АЕК, ірі кәсіпкерлерге – 25 АЕК. Егер бір жыл ішінде қайта бұзушылық тіркелсе, айыппұл екі есе көбейеді.
Соңғы жылдары тұтынушылар мен кәсіпкерлер арасындағы дау көбейген. 2021 жылы 24 мың арыз тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 65 мыңнан асқан. Шағымдар көбінесе бөлшек сауда, қызмет көрсету және тасымал салаларына түседі. Енді тұтынушы құқығын қорғау үшін омбудсмен институты енгізілмек. Бұл - тұтынушының құқығын қорғаудың жаңа тетігі болмақ.
Жасұлан Айтмағамбетов, «Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығы» ЗТБ төрағасы:
Басты жаңалық – омбудсмен институының енуі. Бірақ бұл құрылымға қаржылық қолдау қажет. Айыппұл жүйесі де қайта енгізіледі. Бұл – әлсіз тұтынушыны қорғаудың нақты механизмі.
Дегенмен, кәсіпкерлер палатасы заңның кей талаптары бизнеске шамадан тыс салмақ салып отыр дейді.
Дәурен Аутәліпов, «Атамекен» ҰКП Сауда департаменті директорының орынбасары:
Кәсіпкерлер тарапынан ұсыныстар өте көп. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау керек, бірақ бизнестің де мүдделерін қарау керек. Өйткені бизнес экономиканың негізгі тетігі. Қиындықтар өте көп болады. Асыра сілтеп, жауапкершілік беруде.
Қазір заң жобасы Мәжілістің қарауында. Тараптардың мүдделері ескеріліп, тағы өзгерістер енуі мүмкін. Ал құжат қабылданса, тұтынушы құқығын қорғау күшейтілмек. Бұл тек қарапайым азаматқа емес, кәсіп иесіне де тиімді дейді мамандар.
Динара Жарқынбек
