Маңғыстау облысында туризм саласы қарқынды дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында туризм саласы қарқынды дамып келеді

23.07.2025

Маңғыстау облысында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Биыл өңірге 70 мыңға жуық турист келген. Жыл соңына дейін демалушылар саны 500 мыңнан асады деген болжам бар. Оның көпшілігі – ішкі туристер. Қалғаны шетел азаматтары. Жалпы, аймаққа қыдырып келген қонақтарды қандай орындар қызықтырады? Облыстың туристік инфрақұрылымның жағдайы қалай? 

Маңғыстау облысы туризм саласының жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Каспий теңізінің жағасындағы Ақтаудан бастап өңірдің киелі орындары мен табиғи ескерткіштеріне деген қызығушылық артып келеді.

Рухани туризм – аймақтың басты символы. XII ғасырда бой көтерген Шопан Ата жерасты мешітіне келушілердің қарасы үзілген емес. Киелі орын – Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті Шопан Атаның атымен байланысты. Тағы бір ерекше орын - Бекет Ата жерасты мешіті. Бұл – сәулет, дін, тарих және ұстаздық жол тоғысқан қасиетті мекен. Жол ауыр, мешітке жету үшін тауға көтеріліп, сайға түсу керек. Бірақ бұл зиярат етушілерді ниетінен айнытқан емес.

Аймақтағы туризмнің тағы бір әлеуетті бағыты – экотуризм. Бозжыра шатқалы - ерекше геологиялық құрылымы мен шексіз кеңістігі ерекше тартымдылыққа ие.

Бақытжан Жұмағалиұлы, фотограф:

«Сағым дүние» клипін көргеннен кейін, «мұндай бізде де бар ма?» деген сұрақтар туындады. Содан кейін ағам осы жерді көрсетті. Ол сәттегі эмоцияны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жалпы, Маңғыстаудың тұрған жері – бұрынғы Тетис мұхитының түбі деп айтылады. Бұл өңірлерден акуланың тістері мен балықтардың сүйектері жиі табылып жатады. Ерекше орын.

Бозжыраға жақын орналасқан Сенек ауылы жергілікті туризмнің кішігірім орталығына айналған. Мұнда түйе шаруашылығы дамып, шағын кәсіпкерлер туристерге арналған қызметтерді ұйымдастырып жүр.

Мырзағали Әбілқасым, Сенек ауылының тұрғыны:

Осы зат үшін жұрт Дубайға барып жүр ғой. «Осындайды неге өзімізде ашпасқа?» деген ой келіп, жолдас-жоралармен бірге ашып бастадым. Мына құм өте әдемі, 18 км-ге созылып жатыр. Ал мына жерде 60 км-ге созылған тау бар. Бұл маңда әдемі жерлер көп. Осының бәрін шетелдіктер көрсе, тамашаласа, келіп-кеткен адамнан пайда болмаса, зиян болмайды.

Маңғыстау – рухани мұра мен табиғи көріністер үйлесім тапқан ерекше аймақ. Бүгінде облыста 33 демалыс орны қызмет көрсетуде. Саланы әрі қарай дамыту үшін 2029 жылға дейін 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Жалпы, маңғаз өлкенің туристік әлеуеті жайлы толығырақ ертең 17:20-да «Маңғыстауға саяхат» арнайы жобасынан көре аласыздар.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу