Полицейлер Қытайда пранк жасаған блогерге түсіндірме жұмысын жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Полицейлер Қытайда пранк жасаған блогерге түсіндірме жұмысын жүргізді

22.07.2025

Алматы полицейлері Қытайда пранк түсіріп, жұрттың ашу-ызасын тудырған блогермен түсіндірме жұмысын жүргізді. Міне мына кадрдан: қазақстандық жас блогер бейтаныс ер адамдарға жақындап, қолынан ұстап не аяғына қолын тигізіп, түрлі ерсі әрекеттер жасағанын көруге болады. Бұл видео Қытайдың Гуанчжоу қаласында түсірілген.

Тағы бір видеода танысының қалтасынан ұялы телефонын алып, оны бейтаныс адамдарға беріп, кейін оларды ұрлық жасады деп айыптаған. Оның аккаунттары Қытайдағы платформаларда бұғатталып, видеолары өшірілген. Кейіннен блогер өз әлеуметтік желілеріндегі бейнежазбаларды да алып тастады. Қазақстанға оралғаннан кейін оған заң талаптары түсіндіріліп, ескерту жасалды. Блогер видеоларын біреуді қорлау немесе ренжіту мақсатында емес, әзіл үшін түсірілгенін айтып, енді контент жариялауға үлкен жауапкершілікпен қарайтынын жеткізді.

Аружан Айбекова, блогер:

Бұлай болғанына шынымен өкінемін. Менде миллиондаған қаралым жинаған видео бар, оқырмандарым да көп. Бірақ мен ешқашан қазағымды жаман атты ететін видео түсіргім келген емес. Сіздер де басқа елде жүргенде сол елдің заңын құрметтеп, мен секілді қателік жасамаңыздар.

Жыл басынан бері пранк жасағаны үшін 24 адам жауапкершілікке тартылған. 15-тен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынғандар да бар. Бұл Ішкі істер министрлігінің ақпараты. Адамның ар-намысын қорлайтын әрекет үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Ләззат Рақышева, заңгер: 

Егер пранк зиянсыз болса – мәселе жоқ. Оның ішінде қорлау сипатындағы элементтер болса – ол үшін қорлау бабы бойынша жауапкершілік болуы мүмкін. Егер адам таратқысы келмеген жеке мәліметтер жария етілсе – онда бұл жеке мәліметтерді тарату ретінде қарастырылады. Адамның жеке өміріне қатысты мәліметтерді оның келісімінсіз жариялау, тарату немесе жинау, соның ішінде БАҚ, интернет, бейне/аудио жазбалар, фотосуреттер арқылы тарату — заңмен қудаланады.

Жазира Оразқызы 

Хабарламаларға жазылу