Астанада «Абай әлемі» атты әдеби кеш өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Абай әлемі» атты әдеби кеш өтті

23.08.2018

Бүгін елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абай әлемі» атты әдеби-сазды кеші өтті. Іс-шара өскелең ұрпаққа тағылым ретінде Абайдың рухына тағзым етумен басталды. Ұлы ақынның мұрасын жастардың санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырлған шара жыл сайын өткізіледі. Бүгінгі жиынға да еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері қатысып, өнерпаздар Абай әндерін орындады. Монологтар оқылып, абайтанушылар ақын өміріне және мұрасына қатысты ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, осы кеш аясында көпшілікке арнап «Қазақтың ең асыл қазынасы» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. 

Несіпбек Айтұлы, ақын:

- Абай қазақ руханиятының, ұлттық руханияттың жарық жұлдызы. Рухани жаңғыруды Абай өз заманында бастаған. Өз заманын жаңартқан. Біз бүгін «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» деп Елбасының мақаласының аясында бүкіл республика бойынша ұлт болып, Қазақстан халқы болып үлкен, ұлы шаралар жасап жатырмыз. Ал, оның алтын көзі, тұнық бастауы Абайдан басталған.

Ботагөз Қайыпова, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы директорының орынбасары:

- Ұлы Абайдың ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы сабақтас болып келе жатқан ұлы, дана сөздері қазақ халқына, жастарымыз үшін, болашақ үшін өте маңызды.

Сондай-ақ, бүгін «Екінші Абай оқулары» әдебиет сайысының жеңімпаздары марапатталды.  Салтанатты жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен дана ойшылдың туындыларын оқып, әндерін орындап, өлең шығарған қатысушылар келді. Өткен жылы осы байқауға 500- дей адам қатысса, биыл ұлы ойшылдың шығармашылығына қызығушылық танытқандардың саны 7 мыңнан асқан. Осылайша, қазақстандық жастар оқу мәдениетін дамытып, әдеби талғамын қалыптастыруға біртабан жақындай түсті. Айта кетейік, осы сайысқа қатысқандардың ең жасы - 1 сынып оқушысы. 

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу